Биыл екі айдың өзінде 92 мыңнан астам әйел жұмысқа орналасқан

1948
Adyrna.kz Telegram

Өткен жылы елімізде 30 мыңға жуық қыз-келіншек алғаш рет жұмысқа тұрған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

«Елімізде жұмыс істейтін 4,3 млн әйел бар. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың 48% құрайды. Әйелдердің 35% сауда және қызмет көрсету саласында, 32% білім, денсаулық сақтау және ғылым саласында, 14% өнеркәсіпте, құрылыста және көлікте, 9% астамы ауыл шаруашылығында еңбек етіп жатыр. Өңірлерде де әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамту бойынша да белсенді жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, былтыр 536 мың әйел адам жұмысқа орналастырылды. Ал биыл екі айда 92 мыңнан астам әйел жұмысқа тұрды», – деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, министр жас әйелдерді мемлекеттік субсидия есебінен жұмысқа орналастыру жоғары қарқынмен іске асып жатқанын айтты.

Оның мәліметінше, өткен жылы 30 мыңға жуық әйел алғаш рет жұмысқа орналасқан.

«Мемлекеттік қолдау бойынша тағы бір маңызды шара қыз-келіншектерге өз ісін ашуға жағдай жасау. Өткен жылы 80 мыңға жуық әйел кәсіпкерлік негіздері курсынан өтті. Оның қорытындысы бойынша 13 мыңға жуық әйел грант алды. Оның 58% тауарлар мен қызметтерді өндіруге қажетті технологиялық жабдықтар сатып алды. Ал 31% мал сатып алды», – дейді ведомство басшысы.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер