«Анаға құрмет» музейінде Наурыз мерекесіне арналған мәдени-танымдық іс-шара өтті

1907
Adyrna.kz Telegram

2023 жылы наурыз айының 16 жұлдызында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Алматы облысының музейлер бірлестігі» МКҚК-нің филиалы «Анаға құрмет» музейінде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған  «Наурыз – жаңғырған салт-дәстүрлер»атты мерекелік мәдени-танымдық іс-шара өтті.

Іс-шарада мерекелік концерт қойылып, Қыдыр ата, Ұмай ана,  Абылай хан, Бұқар жырау және Төле би, Қызыбек би, Әйтеке би сынды билердің образдарынан құралған сахналық қойылымдар ұсынылды. Сонымен қатар ,қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі көрсетілді. Мерекелік шара ұлттық, спорттық-бұқаралық ойындармен жалғасып, спортшылар өнерлерін көрсетті.

 

Алматы облысы музейлер бірлестігің басшысы Ануар Үмбеталиев аудан тұрғындары мен қонақтарын құттықтап, сөз сөйледі.

- «Наурыз – жыл басы ғана емес, бұл ең алдымен ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Наурыз – рухани тазару мен үйлесімнің, бейбітшілік пен берекенің символы. Игі дәстүр бойынша біз де жаңа жылдан жақсылықтар мен жаңа жетістіктер күтеміз. Еліміздің мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Еліміздегі тұрақтылық тұғыры бекемделіп, бақ-берекеміз арта берсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!»

Наурыз мейрамына орай «Анаға құрмет» музейінің алаңына киіз үй, екі шатыр тігіліп, мерекені тамашалауға келген халық наурыз көже, бауырсақ, қымыз және басқа да қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды.

Пікірлер