Үкімет ұлттық қордан тағы 800 млрд теңге алмақшы

1841
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық қордан тағы 800 млрд теңге алынады. Бұл жайлы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков хабарлады. Сонымен қатар, министр орынбасары 2023 жылға арналған ел бюджетін жұмсаудың жөн-жапсарымен таныстырды, хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме көрсете отырып.

«2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері бекітілген жоспардан 720 млрд теңгеге өсе отырып, ЖІӨ-нің 12,1% немесе 14,6 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын ұлғайту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру бойынша Үкімет қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі», - деді вице-министр.

Нақтырақ айтсақ, бюджет кірісі біржолғы түсімдер есебінен 316 млрд теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 404 млрд теңгеге ұлғатылмақ.

«Сонымен қатар, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін ұлттық қордан 800 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылады. 2023 жылы бюджет тапшылығын 3,2 трлн теңге көлемінде немесе ЖІӨ-нің 2,7% деңгейінде сақтау ұсынылады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемнен 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 22,5 трлн теңгені құрайды», - деді Бауыржан Омарбеков.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер