Масылдықтан арылу - мемлекет дамуының алғышарты

7984
Adyrna.kz Telegram

Масылдық сана бірнеше ғасырлардан бері қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені рас. Сол масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі десек болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет.» деп көрсеткенін еске салсақ, еліміздегі әрбір азаматтың рухани азаттығы және масылдықтан аулақ болуға деген ұмтылысы отанымыз үшін жасалған үлкен еңбек. Масылдықтың түрлері жағдаятқа байланысты бірнеше топқа бөлінетіні белгілі. Соның ішінде, дені сау, еңбекке жарамды азаматтардың еңбек етуден қашып, мемлекет есебінен күн көргісі келетіндері де жоқ емес. Мұндай отандастарымыз үшін елімізде көптеген жобалар қолға алынуда. Сонымен бірге, ерекше жағдайларға байланысты еңбек етуге жарамсыз да қоғам мүшелері бар. Олардың құқығын мемлекет өзі қорғайды. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі.  Алайда, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. 

   Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек» деп елімізде әлеуметтік қолдау бағытында көрсетілетін көмектер көбейген сайын «мемлекеттен ала берсем» дейтін жеңіл пиғылдылардың қатары өсіп бара жатқанын қинала жеткізді. Қазіргі уақытта ондай жандар көбейіп, ебін тапқандардың кедейдің асына да көз аларта бастағаны шындық жайт. Бұл сайып келгенде, олардың осындай әрекеттері өз күнін әзер көріп жүрген шын мұқтаждардың әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалдыруына әкеліп соқтырады. Мұның соңы еңбек етуден қашып, масылдыққа бой ұратындардың көбейіп отырғандығымен де қауіпті. Осы мәселеге байланысты ел Президенті де бір сөзінде «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап, өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен берілетін көмекті солардың өздеріне жұмсау қажет» деп атап көрсетіп, жалғыз жәрдемақыға үміт артып отыра берудің жақсылыққа  апарамайтынын баса айтқан болатын. Расымен, тек бала ақшасына ғана тамақ асырап отырған отбасылар жетерлік. Жомарт жандардың қайырымдылық көмегін дәметіп әкімшілікті жағалап жүретіндері қаншама?!  Осылай жұмыс жасамай, елден  көмек күтетіндер де көбейіп кетті. Кәсіпкері болсын, қарапайым азаматтар болсын қолында болса көмегін аямас. Солардың қатарында қазіргі әлеуметтік желілердегі танымал блогерлерден өзіне жеке «қор» ашып көмек қолын созуды сұрайтындар қарасы күннен күнге артуда. Мұның өзі желіде отыратын халықты одан әрі жалқаулыққа алып келе ме деп күдіктенеміз. Себебі, бір қормен бір адамның кем-кетігін жамап бергенді көрген келесі адам да өзіне дәл сондай көмек берілуін сұрап, неше түрлі жағдаятын жазып қулыққа басатындар да көп. Сондықтан,, әр азаматтың рухани азығы бай болуы керек. Біреуге қол жаймас алдын өзі әрекет жасап, еңбегімен табыс табуға ниеттенуі қажет.

  Қазақстан – әлеуметтік тұрғыда алғы мемлекеттердің бірі. Дегенмен, соңғы жылдағы статистикалық деректерге сүйенсек, әрбірбесінші қазақстандық жас азамат жұмыссыз деген дерек бар. Бұл өз кезегінде NEET санатына жатқызылады. Үлкен қалаларла оқуын аяқтап, диплом алған маманның 80 пайызы қалып қояды екен. Оның ішінде 20%-ы жұмыс таба алмай сарсаңға түседі. Деректерге сүйенсек, 52 пайыз жас маман табылған жұмыстың жалақысын аз көріп, жұмысқа зауқы соқпайды.  Қалған 20 пайызының шет мемлекетке жұмысқа кетуге ниетті. Қалған пайызы мүлдем жұмыс жасауға құлықсыз деген дерек бар. Айтпағымыз, масылдық көңіл-күйді азайту үшін жасалып жатқан жобалардың тиімділігі.  Өзіңіз байқап отырғандай, қоғамдағы ең нәзік тақырыптың бірі – Патерналистік және масылдық көңіл-күйді азайту. Өзін аталған санатқа жатқызатындар бұл атауды аса жақтырмаса керек кері байланыс нашар өрбиді. Бірақ, күн өткен сайын бұл санат сапын толықтырушылар көбейіп келеді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы 70 мың теңге болды. Бұл дегеніміз әрбір жас маман кемі 70 мың теңгеге өз ісі бойынша жұмысқа кіре алады деген сөз. Айта кететін жайт, елімізде көптен бері қолға алынған жақсы бағдарламалар көп. Солардың бірі - «Жастар практикасы».  Жастардың оқу бітіре сала жұмыс іздейтіні белгілі. Бірақ тәжірибесі жоқ, әлі еңбек нарығын көрмеген жасқа жұмыс жылдам табыла қоймайды. Бұл тығырақтан шығудың бір жолы бар. Ол – жастар практикасы. Жастарға ұсынылып отырған мемлекеттік көмектің бірі. Бұл бағдарламаның өзін қажетсінбей, жұмыс жасаудан қашатындар үшін арнайы мемлекеттік білім беру гранты арқылы білім алған әр студентке кемі 3 жылдық еңбек өтілі міндеттелген. Мұның өзі мемлекеттік қаржының қайта игерілуін және жұмыссыздар санын азайтуға бағытталған жоба.

    Қазақстанда оқимын, дамимын деген азаматтарға мүмкіндік мол. Қаражатын көбейтіп, табысын арттырамын дегендерге қолдау да табылады. Алайда, экономикалық білікті мамандардың пікірінше, жастардың көбі қаржылық сауатсыз. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы масылдықтан арылудың бір бөлігінен өтсек болады. Абай атамыз қара сөзінде: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз болады. Әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді. Ал әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келсе, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады»дегені бар. Расында, қоғамға масыл, еңбекке еріншек, білімнен алыс адамдар мемлекетке де пайда әкелмесі белгілі нәрсе. Мұндайда патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық пайда болары анық. Ал оны  жою үшін не істеу қажет?! Ол үшін ең алдымен, рухани мықты, еңбекке құштар азаматтарымызды тәрбиелеуіміз қажет. Тәрбие-тал бесіктен. Мәдениет-мемлекеттің мәртебесі. Мәдени-рухани бай мемлекет мүшелерінің қай-қайсысы болсын өз елінің мойнына жүк болып, дайын асқа тік қасық болғысы келмесі анық. Сол үшін барлығын мәдениет пен тәрбиеден бастағанымыз абзал.

 

Пікірлер