Шымкентте өңіраралық көрме-жәрмеңке басталды

361
Adyrna.kz Telegram

Бүгін қаладағы «Көрме» орталығында Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары тауар өндірушілерінің өңіраралық көрме-жәрмеңкесі басталды. Көрмеде химиялық, машина жасау, тамақ, жеңіл, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен агро-өнеркәсіп кешенінің, жалпы 100-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынуда.

20-21 наурыз аралығына жоспарланған көрме-жәрмеңкенің басты мақсаты – отандық тауар өндірушілердің жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдерімен кеңінен танысу, жаңа серіктестер іздеу және өзара тиімді келісімдер жасасу. Өңіраралық іс-шара отандық өндірушілерді насихаттауға бағытталған және кәсіпорындарды дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және импортты алмастыратын өнімдердің ассортиментін арттыруға ынталандыруды көздейді.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Жамбыл және Қызылорда облыстарының әлеуетті кәсіпорындарының өнімдерімен танысып, көрменің жұмысына сәттілік тіледі. Шаһар басшысы отандық өнімдерді таныту, серіктестікті нығайтуда мұндай көрме алаңдардың маңызы зор екенін атап өтті.

Айта кетсек, кәсіпорындардың қатарында «Рахат-Шымкент» ЖШС (кондитерлік өнімдер), «Шымкентмай» АҚ (өсімдік май, майонез, тұздық, сабын), «ВИЗиТ» алкогольсіз сусындар зауыты» ЖШС (алкогольсіз сусындар), «Бал Текстиль» ЖШС (кілемдер және кілем бұйымдары), «Шымкент-Кашемир» ЖШС (тоқыма бұйымдары (түйе жүнінен жасалған киім және шұлық) және басқа қаланың танымал компаниялары бар. Сонымен қатар, көрші Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының өнеркәсіптік кәсіпорындары өз өнімдерін таныстыруда.

 

Пікірлер