Шымкент: Реновация бағдарламасы бойынша тозығы жеткен үйлер жаңарады

732
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласының тұрғын үй қорын реновациялау және қайта жаңғырту (модернизация) бағдарламасы бойынша арнайы баспасөз-туры ұйымдастырылды. Жаңа бағдарлама тозығы жеткен ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр.

Қазіргі уақытта бұл мақсатта арнайы штаб құрылды. Биыл реновация бағдарламасы бойынша тұрғын үй иелері келісім берген жағдайда 6 тұрғын үйді бұзуға ұсынылу жоспарлануда. Қазіргі таңда тұрғындарға бағдарлама шарттары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу - меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.

Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын-жай меншік иелерінің келісімін алып, "Shymkent" ӘКК" АҚ- мен келісімшарт жасасады. "Shymkent" ӘКК" АҚ өкілі Бақтияр Шабданов инвесторға және тұрғындарға бағдарламаның шарттарын түсіндіріп берді.

Атап айтқанда, Елшібек батыр көшесі, 91 үйдің тұрғындары бағдарламаға қатысуға келісімін беріп отыр. Инвестор тозығы жеткен үйдің орнына 9 қабатты зәулім үй салуды жоспарлауда. Осы ретте акционерлік қоғам инвестордың ұсыныстарын қарап, құжаттарын зерделеуден өткізуде. Тиісті келісімдер жасалғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.

Сондай-ақ, биыл 40 көп қабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылмақ.

 

Пікірлер