Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақты бақылауда

429
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау, баға тұрақтылығын сақтау бойынша кезекті баспасөз-туры ұйымдастырылды. Алдымен БАҚ өкілдері, жұмысшы топ Шаяхметов көшесіндегі Qaz et әлеуметтік дүкеніндегі бағаны бақылады. Онда сиыр еті 2300 теңгеден сатылып жатыр. Ол – әлеуметтік баға. Сауда нүктесі 2022 жылдың желтоқсан айында ашылған болатын.

Шаһарда тауарлардың бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде бірқатар ірі сауда орындарымен келісімдер жасалған. Бүгінде «Магнум» сауда желісінде әлеуметтік маңызы бар 19 тауар белгіленген бағада сатылуда. Мәселен, арзандатылған тауарлар қатарында нан – 92 теңге, шекер – 445 теңге, пияз – 225, сәбіз 180 теңге, картоп 180 теңге, күнбағыс майы 860 теңге деп белгіленген.

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Ханиевтің айтуынша, бірінші қажетті азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты бақылауда. Қала бойынша азық-түлік тапшылығы жоқ.
Жергілікті кәсіпкерлермен 1 жылға келісімшарт түзіліп, оларға айналым қарыз қаражаты берілген. Бүгінде қалада 100-ден астам сауда нысандарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесі белгіленген.

Белгіленген баға әр тоқсан сайын өзгеріп отырады. Әр тоқсанда комиссия шешіміне сәйкес, нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағада бекітіледі. Шаһарда жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына күнделікті мониторинг жүргізілуде.

 

Пікірлер