Руслан Нұрлыбаев: Ғылымды өндіріспен байланыстыру қажет

1570
Adyrna.kz Telegram

Ғылымды насихаттау және халық арасында отандық ғылыми жетістіктерді ілгерілету керек дейміз. Ал, сол ғылымды насихаттамас бұрын өзіміз қаншалықты қажет етіп отырмыз? «Ғылым халін ғалымдардан өзге ойлайтындар бар ма?» деген сауал күн тәртібінде тұр. Ғылым туралы осы және өзге де өзекті мәселелер жайлы жас ғалым Руслан Ерғалиұлымен сұхбаттастық.

Руслан Ерғалиұлы Нұрлыбаев – PhD докторы, ХАА академигі, өнертапқыш. 2016 жылы Әлем банкінің грантын жеңіп алып, отандық өнім шығара бастады. Р. Нұрлыбаевтың докторлық дисертациясынан туған отандық өнім – VIP – SAVENERGY жылу оқшаулағыш панельдер шығарады. Инновациялық компанияда ғылыми және өндірістік бағыттағы 32 ғалым, 10 өндірістік қызметкер жұмыс істейді. VIP-SAVENERGY панельдері 2019 жылы «Жылдың ең үздік тауары» номинациясын жеңіп алған. Қазіргі таңда тауарды экспортқа шығаруда. 1 000 000 м2 тауар сатып алуға Австриямен келісім бар.

— Қазақстанда отандық ғылымның халі қандай? Буындар арасындағы сабақтастық туралы сыни пікірлер бар. Осы туралы не айтасыз?

— Амансыздар ма?! 2011 жылғы 18 ақпанда Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» заңы қабылданды. Осы кезеңнен бастап ғылымға түбегейлі көзқарас өзгерді десем артық болмас. Тәуелсіздік алғаннан дәл осы кезеңге дейінгі аралықта буындар арасындағы байланыс үзіліп қалды. Орта, яғни, аға буын өкілдері ғылымнан шеттеп, олардың орнын басқан біздің толқын үлкен буынмен иық тірестірдік. Үлкен буынның ғалымдары жастарға орын бергісі келмеді. Шынын айту керек, бізге «әлі жас» деп сеніңкіремеді. Өздері ғылымның бар жүгін арқалап, қартайса да орын бергісі келмеді. Осы аралықта 30-60 жас аралығындағы ғалымдар да бой көрсетпегесін, мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілмегесін қазақ ғылымы тұралау кезеңін бастан өткергені рас. 2011 жылдан кейін ғылым қайта жандана бастады. Бірақ, екі буын арасындағы текетірес жас ғалымдардың сағын сындыра бастады. Өйткені, ғылыми жобаларға қазылық ететін мамандар жастарға қарағанда алдыңғы буынға басымдық беретін. 2017-2018 жылдары біз жас ғалымдарға бөлек гранттар мен арнайы байқаулар ұйымдастыруын өтініп, министрлікке ұсыныс айттық. Өйткені, ғылым докторлары мен жап-жас ғалымдар бақ сынасса кімнің топ жаратыны белгілі. Идеясы қаншалықты жаңашыл болса да атағы дардай азаматтар топ басынан мәреге келіп жүрді. Жастардың жобаларына «шикі» деген баға беретін. Мемлекет шекараны ашқаннан кейін ғана жастардың әлеуеті бағаланды деуге болады. Сол жақтан жаңа дүниені елге алып келіп, шеттегі ғылыми байқаулардан жүлде алып, өздерін мойындатты. Осыдан кейін жастарға арналған ғылыми байқаулар ұйымдастырылып жүр. Қазір жыл сайын бұндай байқаулар 3 рет өтеді. Start-up идеяларды қолдауға арналған конкурстар да ашылды.

Ғылыми жетістіктерді ілгерілету үшін қандай шетелдік тәжірибелерді қолданған дұрыс?

— Америка Құрама штаттарында «силиконовая долина» деген бар. Сол іспетті бізде де ғылыми зерттеулерді өндіріске айналдыру қажет. Өндірістік парктерді көбейту керек. Мәселен, жастардың идеяларын жолға қою үшін осындай өндірістік парктер ашылса ғылым саласы айтарлықтай дамитын еді. Қазір неше түрлі жастар, жас идеялар бар. Сиясыз, яғни, лазер арқылы қағазға жазуға болатын қалам ойлап шығарған жас ғалымдарды білемін. Соларға қолдау білдіруіміз керек. Ғылыми конкурстарға жүздеген, тіпті, мыңдаған жоба қатысса соның 5-6 ғана грант иеленеді. Ал, қалғандары ше? Өзекті емес пе? Осыған көңіл бөлсек нұр үстіне нұр.

— Демек, ғылымға мемлекеттік тұрғыда, одан қала берді қаржылай көмек қажет дейсіз ғой?!

— Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 1 пайызын ғылымды дамытуға бөлінбекші. Ол дегеніміз – 1 трлн теңге. Жылына ғылымды қолдауға осынша қаражат бөлінбекші. «Ғылым және технологиялық саясат» туралы жаңа заң қабылданғалы жатыр. Осы заң жобасында біз жоғарыда атап өткен олқылықтар шешіліп, тағы басқа көлденең мәселелердің алды алынады деп ойлаймын. Бізде қазір жалпы ішкі өнімнің 0,15 пайызы ғана ғылымды дамытуға жұмсалып жүрді. Ал, алдыңғы қатарлы, дамыған мемлекеттерде ЖІӨ 4 пайызына жуығы осы саланы дамытуға, көркейтуге жұмсалады. Бізде енді 1 пайыз болғалы жатыр. 2022 жылы ғылымды дамытуға, ғалымдарды қолдауға небәрі 83 миллиард теңге ғана бөлінген. Егер 1 риллион қаржы жыл сайын ғылымға бөлінсе қазақ ғылымы біраз елдермен иық тірестер еді.

Қателеспесем, сіз де ғылыми жаңалығыңызды өндіріске қосқансыз. Бұл қандай жоба, қанша жылдық еңбектің жемісі?

— Менің жобамды коммерциализация деп айтсақ болады. Яғни, біз ғылыми идеямызды, алған технологиямызды коммерциализацияға айналдыру бойынша мемлекеттік бағдарламаларға, гранттарға қатысып көрдік. 5 миллион теңгелік конкурстарға да қатыстық. Бірақ, ұта алмадық. Сонда да тұралап қалмай іздене бердік. Осылайша «Әлем банкі» ұсынған конкурсқа қатысып, арнайы грант жеңіп алдық. Аталған банк өндірісті өркендету үшін Қазақстанға қарыз беріп отыр ғой. Жәйдан-жай емес тек менікі іспетті ғылыми идеяларды қолдау мақсатын алға қойған. Мен қатысқанда әлемнің 17 елінен эксперттер келіп, бірауыздан біздің жобаны мақұлдап өндіріске жол ашты. Біздің технологиямызды әлемнің мықты эксперттері қолдап тұрса да ішкі нарық үшін біздің өнім аса маңызға ие болмай тұр. Ол зат Қазақстанға керек емес, біздікілер дәстүрлі, үйреншікті құралдарды қолдана бергенді дұрыс көреді. Жаңа ноу-хау технологияны қабылдай алмай отырмыз.

— Қандай өндірісті жолға қойдыңыз? Түсінгенім бойынша,  шет мемлекеттерден сұраныс бар ғой бұл өнімге?

— Біз жаңа технология мүмкіндіктерін пайдаланып, ерекше жылу оқшаулағыш панельдер шығарамыз. Сұраныс өте көп, ұсыныс та жетіп артылады. Көбіне Ресей, Қытай, Еуропа мемлекеттерінен ұсыныс түседі. Мәселен, Австрияның Вена қаласынан үлкен тапсырыс түсті. Біз ол жаққа барып, өз тауарымызды экспорттадық. Өнімімізді, яғни, жылу оқшаулағыш панельдерімізді енгіздік. Осыдан кейін тағы 1 миллион кв метрге тапсырыс келді. Ал, бұл өте үлкен көлем. Оны межелі мерзім ішінде өндіру үшін өндірісті кеңейту қажет. Инвесторлар керек. Қазақстандық инвесторлар бұл саланы, жаңашылдықты әлі де актуальді деп танымай отыр. Сондықтан, шет елдік инвесторлармен жұмыс істеудің жолдарын қарастырып жатырмыз.

Аталған жоба қалай идеядан өндіріске айналды? Осы туралы аз-кем айтып кетсеңіз.

— 2012-2016 жылдар аралығында «Ғылыми жұмыстарды гранттық қаржыландыру» атты арнайы грант ұтып алдық. Алғашынды идея болды. Осы уақыт аралығында біздің идеяның өндірісте қолдану тиімді екенін дәлелдедік. Осы жоба аясында докторлық дессертациямды қорғап шықтым. Соны болғаннан кейін барып 2016 жылы «Әлем банкінің» конкурсына қатыстық. Оның өзіне 3 айға жуық уақыт кетті. Біз өз технологиямыздың ноу-хау екенін, әлемде қолданысқа жарайтынын дәлелдеп бердік. Басқа технологиялармен салыстырғанда ондаған есе жақсы қасиетке ие екенін көрсеттік. Бұл көрсеткіштер үлкен көмек етті.

Отандық ғылым тақырыбына қатысты алып, қосарыңыз болса. Оны қалай дамытамыз? Ізіңізден ерген жас ғалымдарға не айтасыз?

— Қазақстан ғылымы соңғы жылдары өркендеп келеді. ЖІӨ бір пайызы осы салаға бөлінсе қарқынды бұдан да әрмен қарай дамитынымыз сөзсіз. Осы ретте өндіріс пен экономикаға тоқталғым келіп тұр. Дамыған мемлекеттердің негізгі драйвері болған ғылым мен өндірісті ұштастырмасақ экономиканы дамыта алмаймыз. Экономика өркендемесе ғылымға тағы көңіл бөлінбейді. Сондықтан, бірінші кезекте осы екі мықты саланы байланыстыру жұмысын қолға алуымыз керек.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Пікірлер