«Келінімді қызымдай көремін» деген дұрыс емес – Зейнеп Ахметова

1232
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде жастардың арасында ажырасу көбейіп кетті. Жастардың дәм-тұзының жараспай, айырылысуына не себеп? Әлеуметтік жағдайдың төмендігі ме, жоқ әлде мұның басқа да бір себебі бар ма? Жазушы, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметованың айтуынша, жастардың тіл табыспауына енелердің ықпалы басым. Сондықтан да ол ене мен келіннің өзара байланысына басымдық беру керек деген пікірде.   

«Мысалы өзім өмір сүрген әулет көпбалалы отбасына жатады. Алла тағаланың мағдайға жазғаны сол шығар тұрмысқа шыққан жерім ұлдан жалғыз болып шықты. Атамыздың өміріне серік болған апалар болғанымен Бақытжан жалғыз болды. Құдайдың жазғаны болар Ержаным бір тал болып қалды, мен жалғыз деп айтпаймын. Ержан ер жетіп, оқуын бітірді. Әлгі «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақтың шешесі сияқты бой тұрғысы дұрыс қыз болса қараймын да жүремін. Бір күні құрбымның үйіне ауылдан бір әдемі қыз келіпті. Ол қыз маған қатты ұнады. Үйге келгеннен кейін Бәкеңе «Жәмиләнің үйінен керемет бір қыз көрдім. Көзі мойылдай, шашы қарақаттай, мұрыны пістедей, ерні шиедейи» деп айтып жатсам «Тоқта, сен өзі қыз айтып жатсың ба, жоқ әлде жеміс-жидекті айтып жатсың ба?» деп әзілдейді. Балам ол қызға емес, өзі сүйген басқа қызға үйленді.

Ене ретінде мен өз-өзімді тәрбиеледім. Себебі жалғыз баланың шешесі өзімшіл, эгоист болады. Көп жағдайда баласы мен келінін атыстырып, шатыстырып қою эгоист енелерден шығады. Бір тал баланы өліп тіріліп бақтың, қақтың, енді оған бөтен бір әйел ие болып шыға келеді. Қызғанасың ғой. Осы қызғанышты басу керек болды. Содан мен өз-өзімді тәрбиелей бастадым», – дейді ол.

Зейнеп Ахметованың айтуынша, «келінімді қызымдай көремін» деген дұрыс емес. Себебі ол қыздың аты қыз, келіннің аты келін болуы керек деген пікірде.

«Балам үйленгеннен кейін той бітіп, ауылдан келген туыстар кетіп өзіміз қалғанда келінім өлеңнің сазымен ыңылдап үй жинап жүр екен.  Сол кезде мен бір жаңалық аштым. «Мына баланың өсіп жетілуіне менің не еңбегім сіңді? Тоғыз ай көтеріп, омыртқасы талып, ащы толғақпен өмірге келтірді. Түн ұйқысын төрт бөліп, бақты, қақты. Ауырғанда жүрегі ауырып, көтеріп балабақшаға апарды. Оқытты, шоқытты. Материалдық жағдайды былай қойғанда қаншама рухани еңбегі сіңді. Әлпештеп өсірген біреудің баласы ғой. Менің титтейде еңбегім сіңбеген. Енді мен қолыма әкеліп берген дайын дүниеге ие болмасам кім болғаным» деп ойладым. Кез келген қатын ене бола алады, бірақ келінге ана болу жағы жетпейді. Сондықтан келін мен баланың ортасына сызат түседі.

Осыдан қорытынды шығардым да, келінін жамандайтын әйелдерге «Әй, сенің не еңбегің сіңді оған? Саған дайын күйінде берді ғой. Егер әр адамды бір әлем дейтін болсақ, сенің қолыңа бір әлемді берді. Енді сен соған ие бола алмасаң, кем-кетігін түзеп, өзің тәрбие бере алмасаң кімсің сен? Ертеңгі күні сенің өкше басарың, сенің әулетіңді ары қарай өсіретін адам ғой» деп енелерді басамын.

Ал енесін жамандайтын келіндерге «Сүйіп қосылдың ба?» десем «Иә, сүйіп қосылдым. Күйеуім сондай жақсы адам, бірақ енем жаман» дейді. Содан кейін «Сен сүйіп қосылған жақсы жігітті өмірге келтірген, тәрбиелеген сол. Егер ол жақсылап тәрбиелемесе саған жақсы жігіт қайдан шығады. Саған дап-дайын етіп беріп отыр. Олай болатын болса, басы елге, аяғы жерге сыймайтын адам болатын болса, сенің күйеуіңді туып бергені үшін сен оның алдында басыңды июуің керек» деймін. Болды. Менің келіндер мен енелерге айтарым осы», – дейді Зейнеп Ахметова.

Пікірлер