Министрлік тексергенше, жасақшы қазақ та үндеу жолдады (ВИДЕО)

1844
Adyrna.kz Telegram

Томск мемлекеттік университетінде оқитын Қазақстан азаматы Марғұлан Бекенов ресейлік «Вагнер» жеке әскерінің қатарында Украинадағы соғысқа аттанған. Бұл туралы «Сибирь.Реалии» редакциясына оның анасы Альмира Бекенова айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Наурыз айында Томскіден Краснодар өлкесіне «қызыма барамын» деп кенеттен кеткенін білгенде таңғалдық. Кейін белгісіз біреулер оны ұрлап әкетіп, әскери топқа қосқаны белгілі болды. Баламмен Молькино хуторында кездесуге мүмкіндік алдым, барлық жерде ресейлік жеке әскери жасақтың плакаты ілулі тұр. Марғұланмен дұрыс сөйлесуге мүмкіндік бермеді. Жағдайы нашарлап кеткен. Алайда ол ешқандай келісімшартқа қол қоймағанын жеткізді»,—дейді
жігіттің анасы.

Бекеновтер отбасы 22 жастағы қазақстандықтың заңсыз қамауға алынғаны туралы ақпаратты Қазақстан мен Ресейдің әскери прокуратурасына, Ішкі істер министрлігіне хабарлаған. Тіпті екі елдің президентіне де хат жолдаған. Алайда ресми өтініштерден ешқандай нәтиже болмаған.

«Ресейлік жеке әскери жасақ ұлымды 12 сәуірде майданға жіберді»,—дейді Альмира Бекенова.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Басқарманың айтуынша, Марғұлан Бекенов қатарға өз еркімен қосылған.

«Азамат «Вагнер» жеке әскер тобымен ерікті түрде келісімге қол қойған. Қазіргі таңда ақпаратты тексеріп жатырмыз»,—деп түсіндірді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Ақпарат БАҚ бетінде таралғаннан кейін қазақстандық студент көпшілікке үндеу жасады.

«Компанияға ерікті түрде келдім. Соғыс операцияларына өз үлесімді қосқым келеді. Бұл жерде өзімді тамаша сезінемін. Өзімді таптым. Маған барлығы ұнайды»,—деді Марғұлан Бекенов.

«Вагнер» — Сириядағы, Африка елдеріндегі және Украинадағы соғыс операцияларына қатысатын ресейлік бейресми әскери бөлім. Ол Владимир Путиннің аспазы Евгений Пригожинге тиесілі.

Еске салайық, елімізде өзге мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарына қатысқан қазақстандық азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Бейнежазбаны көру үшін сілтемені басыңыз.

Пікірлер