Демеуші іздеген дарындар

1811
Adyrna.kz Telegram

Қазақ ғылымы жасаруы үшін не істеу қажет? Әлбетте қолдау қажет. Бірақ ғылымда қолдау да, қиянат та бар екенін ескерсек, көпшілік бастамалардың ғұмыры қысқа болып жататыны рас. Біздің көзіміз көріп, құлағымыз еститіні бір парасы ғана. Бүгін біз ғылымның даңғыл жолына демеп жіберетін демеуші іздегендер жайлы айтатын боламыз.

Алғашқы кейіпкеріміз - тараздық Қанат Тәжіхан. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сыныбында оқиды. Қанат өзінің екі жыл уақытын жұмсаған электр энергиясын өндіретін жобаға демеуші іздеуде. Жобаның ерекшелігі сол - қалқымалы күн панельдері су бетіне орнатылады. Атауы – «The Future Solаr Power Plant». Қалқымалы панельдер қарапайым электр станцияларына қарағанда 65 пайызға көп энергия өндіруге қауқарлы.

Мәселен, бір ғана Жамбыл облысының Жуалы өңірінде күн қуатын өндіретін 300-400 мың күн панельдері бар екен. Олар бүгінге шейін тазалық көрмесе керек. Өйткені саны көп, күтіп ұстау мүмкін емес. Бәрімізге белгілі, панельдердің үстіне шаң тұрса, оның күн қуатын қабылдау деңгейі де төмендейді. Демек, мәселе ауқымды әрі күрделі. Қанат дәл осы мәселенің оңтайлы шешімін тапты. Ол күн панельдерін адамның басқаруынсыз-ақ тазалайтын құрылғы ойлап тапқан. Құрылғы күнде таңғы (07.00) және түскі (14.00) уақыттарда күн панельдеріне су бүркіп, оны тазалап отырады. Бұл әдеттегі күн қуатын 30 пайызға артық өндіруге мүмкіндік береді екен. Қанат күн панельдерінің қозғалмайтынын ескеріп, күн трекерін жасап шығыпты. Ол күнбағыс секілді күн нұры қай бағыттан түссе, сол жаққа қарай күн панельдерін бұрып отыратын көрінеді. Яғни, ақылды құрылғы деуге болады. Ал бұл күн қуатын 50 пайызға дейін өндіруге жол ашады. Демек, жұмыс сапасы екі есе жақсарады.

Қанаттың айтуынша, құрылғы арқылы өндірілген электр қуатымен 120 мың үйді тоқпен қамтамасыз етуге болады. Қазіргі қалпымен небәрі 60 мың үйді қамтамасыз ете алады. Бірақ бұл жобадағы бір панельді орнатуға 250 мың теңге жұмсалады. Ал Жуалыдағы құрылғыларды орнатуға 121 мың теңге жаратылған. Қанаттың есебінше, кеткен шығын екі жылда кері қайтады.

17 жастағы өнертапқыш жобаны бастамас бұрын саланы толық зерттеген. Тіпті, өңірдегі «Бурное Солар» электр станциясына барып көрген. Су қоймасына барып, өзінің қалқымалы күн панельдерін орнатқан. Оның үстіне, күн панельдерін орнатуға арнайы жер әзірлеудің қажеті жоқ, кез келген уақытта орнын ауыстыруға болады. Бастысы қайда болмасын, күн қуатын бірқалыпты өндіреді. Ешқандай булану болмайды екен.

Жас дарын бұл жобасымен талай халықаралық байқаулардың жүлдегері атанып үлгеріпті. Айталық, «Ingenious project – 2022» байқауында – бірінші орын, «The Big Progress» байқауында – бірінші орын иеленген. Француздардың өзі Қанаттың жобасына қызығушылық танытыпты. Бірақ ол жобасын Қазақстанда жүзеге асырғысы келетінін айтып, француздардың ұсыныс қабыл алмапты. Расында, елім деген оқушының талабына сүйсінесің. Бұл бастама жүзеге асып жатса, елімізге төніп келе жатқан энергия тапшылығының алдын алушы еді. Себебі кемшілік қазірден көріне бастады. Электр қуатын тұтыну көлемі де бұрынғыдан артқаны байқалады. Халық атом электр станциясын салуға үрке қарайды. Әрине, тәуекел бар жерде, қауіп те бар екені жасырын емес. Ал қарапайым жас өнертапқыштың бұл бастамасы бізді тығырықтан шығармасына кім кепіл? Ендігі кезекте Қанатқа бізден қолдау ғана қажет...

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер