Қаңтар ісі. Сот кезінде Түркияға қашқан генерал 10 жылға сотталды

1780
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Үкімді Талдықорған қалалық сотының төрағасы Абдилла Умбетай шығарды.

2022 жылғы мамырда генерал Қаңтар оқиғасы бойынша күдіктілердің біріне айналды. Оған Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 146-бабы ("Азаптау") бойынша айып тағылды.

Еске салсақ, қылмыстық іске қатысты алғашқы сот отырысы 2023 жылғы 5 қаңтарда өтті. 30 наурыз күні Серік Күдебаев кезекті сот процессіне қатыспады. Сотталушының дәлелді себептерін растайтын мәліметтердің болмауына байланысты оны сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу жөнінде қаулы шықты. Кейін генералдың елден қашып кеткені белгілі болып, оған халықаралық іздеу жарияланды. 27 сәуірде  Күдебаев Түркияда ұсталып, елге жеткізілді.

Серік Күдебаев Алматы полиция департаментін 7 жыл басқарған. 2020 жылы Алматы облысы полициясының басшысы болып тағайындалды. Ол сот отырысында өзінің кінәсіз екенін алға тартып, ешкімге оқ атпағанын жеткізді.

Пікірлер