Ұлдары мемлекетке келтірген шығынды қайтармады деп айыпталған депутат Дайрабаевқа қарсы петиция жарияланды

1817
Adyrna.kz Telegram

Президенттік сайлауға түскенінен бері басы даудан арылмаған депутат Дайрабаевтың өкілдігін босатуын талап еткендер петиция жарияланды, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы  Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Петиция авторы депутаттың екі ұлы жемқорлықпен ұсталғанын, мемлекетке келтірілген 550 миллион теңгелік шығынды қалпына келтірілмегенін жазған. Оған қоса Дайрабаевтың өз ұлдарын жақтап, қорғап сөйлегенін сөккен.

Сонымен қатар, петицияда Дайрабаевтың ұлдарына қатысты жанжалда депутаттың да аты-жөні айтылғаны жазылған.

«Компания өз елді мекенінде алаяқтық жолмен 10 мың гектар жерді иемденген. Ауыл тұрғындарына дивидендтер уәде етілді. Алайда олар ешқандай пайда таппады. Бұл мәселеде мәжілісмен Жигули Дайрабаевтың есімі де аталды. Алайда депутат бұл алаяқтыққа қатысы бар екенін көпшілік алдында жоққа шығарды», — делінген петицияда.

Бүгінде петициямен 1531 адам келіскен. Петицияны қолдаған азаматтар депутат Жигули Дайрабаевтың өз өкілеттігінен бас тартуы керек деп санайды.

Бұған дейін Жигули Дайрабаев қыр соңынан қалмай, сын жаудырып жатқандардың кім екенін білемін деген еді.

Еске сала кетейік, "Ауыл" партиясы бұған дейін де Дайрабаевтың мандатын тапсырмайтынын айтқан.

«Дайрабаев депутаттық мандатын тапсырмайды. Мен фракцияның мәлімдемесін айтып отырмын. Біз оған ешқандай мін таға алмаймыз. Біріншіден, оның жеке басына қатысты аталған істе ештеңе айтылмаған. Екіншіден, оның балалары ересек азаматтар. Олар өз ісіне өздері жауап беруі керек»,— деді Баққожаев.

Жигули Дайрабаевтың өзі балаларына жақтасып, соңына дейін күресетінін мәлім еткен болатын-тұғын.

«Балаларымды кінәлі деп есептемеймін, олар әділдік үшін күреседі. Апелляциялық сотқа жүгініп, абыройын қорғауға мүдделі. Ендеше, мен Мәжілістен не үшін кетуім керек? Ауыл тұрғындары, шаруалар, өзімді сайлаған «Ауыл» партиясы маған үлкен үміт артып отыр. Көптеген өткір мәселелерді қолға алып, жұмыс істеуім керек», - деді Дайрабаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Тараз қаласының соты алаяқтық жасады және ірі мөлшерде ақша жымқырды деп айыптап, үкім шығарған екі күдіктінің Жигули Дайрабаевтың ұлдары екені белгілі болды.

Azattyq Ruhy-ның хабарлауынша, депутаттың қос ұлы мемлекетке келтірген шығынды әлі өтемеген. Дайрабаев ұлдарының еш кінәсі жоғын айтып, Мәжілістен кетпейтіндігін мәлімдеді. Дегенмен оған қазақстандықтар қарсылық танытып, көнбей отыр.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер