Әндіжан қырғыны. Өзбекстанның тәуелсіздік тарихындағы ең қаралы оқиғаға - 18 жыл

4960
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Өзбекстанның Тәуелсіздік алғалы тарихында ең қаралы оқиға - Әндіжан қырғынына 18 жыл болды. Өзбекстан билігінің  адам құқықтарын аяқ асты еткен күнін қысқаша шолып өтейік.

2005 жылы 13 мамырда Әндіжан қаласында алаңға шыққан жұртқа Өзбекстан полициясы оқ жаудырып, ресми дерек бойынша, 187 адам қаза тапты. Бабыр алаңында билік «акрамистер» деген айып тағып, тұтқынға алынған 23 бизнесменді қорғауды көздеген митингі өткен еді. Өзбекстан билігі бұл бизнесмендерді 1990 жылдары тыйым салынған «Акрамия» қозғалысының жақтастары деп мәлімдеді. Митингіге шыққан Әндіжанның бірнеше мың тұрғыны халықтың әлеуметтік жай-күйін жақсарту және елдегі қуғын-сүргін саясатын доғару жөнінде де талаптар қойған еді. Осылайша, бұл оқиға «Әндіжан қырғыны» деп аталып кетті. Сол жылдары Өзбекстан билігі Әндіжан оқиғасына қатысты ақпаратқа шектеу қойып, тәуелсіз тергеудің жүргізілуіне тыйым салды. Сол себепті осы уақытқа дейін қантөгіске, зорлық-зомбылыққа не түрткі болғандығы және Әндіжан оқиғасы кезінде нақты қанша адамның қаза болғандығы белгісіз күйде қалып келді.

Жергілікті тұрғындар қамауға алынған танымал 23 кәсіпкердің босатылуын талап етті. Әндіжан тұрғындарының көбіне қаржылай көмектескен бұл кәсіпкерлерге үкімет тарапынан тыйым салынған «Акрамия» ұйымына мүше болып, экстремистік және сепаратистік әрекеттермен айналысты деген айып тағылған болатын. Мінеки, осы 23 кәсіпкердің тұтқындалуы Әндіжандағы жаппай наразылық шарасына түрткі болды. Ресми Ташкент оқиғаның өзге де қалаларда жалғасып кетпеуінің амалын іздестіріп, көтерілісті әскердің күшімен басты. Бейбіт тұрғындар оққа ұшты. Ресми ақпарат көздері «көтерілісті жаншып тастау кезінде 187 адам қаза тапты» дегенді келтіреді. Алайда тәуелсіз құқық қорғаушылар «700-дей адам оққа ұшты, оның көбі әйелдер мен балалар» деседі. Каримов билігі Әндіжанда болған оқиғаны «бұл мемлекетті тұрақсыздыққа алып келуге тырысқан экстремистік топтардың әрекеті» деп мәлімдеді. Бұған қоса, Әндіжандағы наразылық шеруіне оқиғадан бірнеше апта бұрын Қырғызстанда өткен төңкеріс те әсер еткен болуы мүмкін.

Әндіжан қантөгісінің алдында өзбек халқының елдегі әділетсіз саяси жүйеге, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда мүшкіл халіне, діни сенімге қатысты репрессияларға қатысты наразылығы өрши түскен. Әсіресе, Өзбекстанның шығыс аймағындағы экономикалық жағдайдың құлдырап кетуі Әндіжандағы наразылық шеруіне түрткі болды деген болжам да айтылады.

Қантөгістен кейін бір жыл өткен соң, 2006 жылы Әндіжанға жіберілген ЕуроОдақ делегациясы қантөгіс туралы ақпараттарды жинай алмады. 2005 жылдың 13 мамыры Өзбекстан тарихындағы қаралы күн деп таныды. Міне, Әндіжан қырғынына да 18 жыл толып отыр.

Пікірлер