Қытайларға - виза. Сыртқы істер министрлігі түсіндіреді

2028
Adyrna.kz Telegram

Сыртқы істер министрі Айбек Смадияр Қытаймен өзара визасыз режим туралы келісім туралы ақпаратпен бөлісті, деп жазады "Адырна". 

Оның айтуынша, бұл шешімнің бірқатар пайдалы тұстары бар. Мәселен, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына, азаматтар арасындағы байланыстарға, сауда саттықты кеңейтуге айтарлықтай қолдау болмақ дейді ол.

Сондай-ақ, ол келісім орнаса Қытай азаматтары елімізге қаптап кіреді деген пікір шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Себебі былтыр шілде айынан бастап Қазақстан Иран, Үндістан және Қытайдың азаматтарына елімізге 14 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат берген.

"Еліміз бен Қытай арасындағы визасыз режим, ең алдымен, Қазақстан азаматтарының көрші мемлекетке баруына барынша қолайлы жағдай тудырады. Егер бұрын тек Қытай азаматтары бізге визасыз 14 күнге кіре алатын болса, бұл келісімнен кейін олар да, біз де бір бірімізге 30 күнге дейін визасыз бара алатын боламыз" деп жазды ол.

Онымен қоса, министр ел арасында визасыз Қазақстанға келген Қытай азаматтары елімізде қалып қояды, жұмыс орындарымызды тартып алады деген пікірлердің шындыққа жанаспайтынын айтты. Өйткені визасыз режим тек туристік және іскерлік сапарларға арналады және жұмыс істеуге рұқсат бермейді.

"Бұрын Қытайға бару үшін визаны ашу, консулдық алымды төлеу, ұзақ кезекте тұру (кейде 2-3 айға дейін), виза рәсімдейтін арнайы компаниялардың қызметіне қомақты ақша төлеу керек еді. Ал визасыз режим енгізілгеннен кейін бұл шаралардың ешбірі қажет болмайды. Визасыз режим қай елде болсын шетелден келетін туристердің санын арттыруға бағытталған. Бұл экономикаға оң әсер етеді, өйткені елге келген турист міндетті түрде қонақ үйде тұрады, кафе мен мейрамханаларда тамақтанады, көлік қолданады, жалпы айтқанда елде біраз ақша жұмсайды. Ал қытайлық туристер әлемде қалталы туристер санына жатады" деп қосты ол.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер