Конституциялық сот төрағасы парламентте жолдауын жариялады

1481
Adyrna.kz Telegram

Астанада Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бірлескен отырысқа Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова, Үкімет мүшелері қатысты.

Жиында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова Конституцияның 53-бабына сәйкес Парламент Палаталарының бірлескен отырысында бес ай ішіндегі Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауын жариялады.

Азимова өз сөзінде азаматтар өз өтініштерінде заңдардың жекелеген ережелерінің конституциялылығы жайлы проблемаларды әділ түрде көтергенін атап өтті.

Жолдауға қарағанда, бес ай ішінде үш мыңнан астам азамат конституциялық құқықтарын қорғауға жүгінген. Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға деген жай ғана қызығушылығының дәлелі болып табылмайды, өтініш берушілердің әрқайсысының өз құқықтарын қорғау ниетін растайды. Бұл ретте заңнамада Конституциялық Сотқа жүгінгенге дейін құқықтық қорғаудың барлық басқа құралдарын қолдану туралы талап жоқ. Азаматтар Конституциялық Сотқа жүгіне отырып, әділдік пен заңдылықты орнатуға жәрдемдесуде.

Төраға келіп түскен өтініштердің шамамен жартысы (41%) сот шешімдерімен келіспеуге қатысты екенін атап көрсетеді. Бұл ретте Конституциялық Соттың сот шешімдеріне баға беруге құқығы жоқ екеніне назар аударылды. Өтініштердің төрттен бірінде ғана (26%) азаматтар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеруді сұрады.

Эльвира Азимова хабарлағандай, «конституциялық іс жүргізу қорытындысы бойынша, өкінішке қарай, жекелеген нормативтік құқықтық актілерде елеулі олқылықтардың бар екені анықталды. Қабылданған 18 нормативтік қаулының 5-інде нормалар конституциялық емес деп танылды, басқа 5 жағдайда Конституциялық Сот біркелкі түсіндіру мақсатында тиісті нормаларға түсіндірме берді. Қазіргі уақытта Үкімет пен мүдделі органдарға қажетті шаралар қабылдау ұсынылды».

Жолдауда заңнаманың проблемалық салалары көрсетілді: конституциялық іс жүргізулердің талдауы мен нәтижелері заңнамада қылмыстық-құқықтық, тұрғын үй және еңбек қатынастары, мемлекеттік қызмет, әлеуметтік қорғау, сот актілерін орындамау, жазаларды орындау, жеке тұлғалардың банкроттығы, ақпаратқа қол жеткізу және т.б. салаларда елеулі олқылықтардың бар екендігін айғақтайды.

Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен құқық қолдану практикасы өзектілік пен қажеттілік тұрғысынан заңнама мониторингіне неғұрлым терең сыни көзқарас қажеттігін көрсетеді.

«Заң бұзудың немесе өзге де келеңсіз салдардың алдын алу үшін жергілікті жерлерде заңдар әлеуетін пайдалану маңызды. Заң құқық қолдануда жазалау құралы ғана емес, ескерту құралы ретінде қызмет етуге тиіс. Заңнаманың превентивті рөлі қоғамда жауапты қарауға тәрбиелеуге және азаматтардың билікке сенімін арттыруға мүмкіндік береді», – деп Эльвира Азимова депутаттардың назарын аударды.

Конституциялық бақылау тұтастай алғанда қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында Конституцияны іс жүзінде іске асыруға бағытталған. Салааралық заңнаманы қолдану кезінде ведомстволық тәсілдер басымдығын сақтауға жол берілмейді, өйткені бұл заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең дегенді бұзуға алып келеді. Мемлекеттік құрылыстың адамға бағдарлануын сақтау қажет.

«Азаматтың конституциялық жүгіну институты қоғамның, мемлекеттік аппараттың және азаматтың конституциялық құқықтық сана мен құқықтық мәдениет деңгейін арттыруды талап етеді. Конституция үстемдігі баршаға қадір-қасиетті, еркіндік пен әділдікті заңнамалық және практикалық қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс. Ата-бабаларымыз айтып кеткендей, «әділ заң – аспан тірегі», - деп Конституциялық Соттың Төрағасы өз сөзін қорытындылады.

Отырыста бірнеше заң жобасы талқыланады.

Бүгін Конституциялық Соттың «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатасының 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды.

Бұған қоса парламент палаталарының 2023 жылғы 20 маусымдағы бірлескен отырысының күн тәртібінде мынандай мәселелер ұсынылған:

  • Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасының жоғары аудиторлық палатасының 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту туралы;
  • Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі парламенттік комиссия туралы;
  • "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының жобасы туралы (бірінші оқылым).

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер