Премьер-министр жылу маусымына дайындық барысында қазірден проблема туындап жатқанын айтты

1253
Adyrna.kz Telegram

Премьер-министр Әлихан Смайылов жылу маусымына дайындық мәселесін талқылаған кеңес өткізді.  Орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшыларының қатысуымен алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы бірқатар жылу беру нысандарын жөндеу жұмыстары тұралап, уақытынан кешігіп жатқанын хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Үкімет басшысы жылу маусымына дайындық мәселесіне келгенде сергектік танытуды тапсырды. Өйткені қазірдің өзінде бірқатар проблемалық мәселелер төбе көрсеткен. Мәселен, үкімет басшысының хабарлауынша, бірқатар объект бойынша жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп жүріп жатыр.

«Бұл мәселені біз жақында өткен Үкімет отырысында талқыладық. Дегенмен өзара үйлесімді, бірлескен іс-қимылды бұдан да күшейту қажет. Сондықтан осы жұмыстардың барлығын тағы да мұқият қарап, тікелей шешім қабылдаймыз», – деді Әлихан Смайылов.

Кеңесте премьер-министр жылу маусымына дайындықтың әлеуметтік зор салмағы бар екенін айтып, қазірден ірі апаттардың алдын алуға қамдануды, алдағы жылу маусымының шашауын шығармай, тұрақты өтуін қамтамасыздандыруды міндеттеді.

«Атап айтқанда, ЖЭО және желілер иелерімен тікелей, тығыз жұмыс жасау маңызды. Мемлекет тарапынан станциялардың өтінімдеріне сәйкес тарифтер бекітілді. Бұл қаржыландыруды тартуға және жаңғырту жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.Сондай-ақ Үкімет басшысы энергетика саласын бақылауды күшейтудің және тиісті өңірлік штабтар жұмысының маңызын атап өтті.

Сонымен қатар, үкімет басшысы бірінші вице-премьер Роман Склярға және энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің Екібастұз ЖЭО-сы мен Риддер және Кентау ЖЭО-ларына барып, жағдайды өз көзімен көруді тапсырды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер