"Сөздеріңе жауап бересіңдер!" Қазақстанның бұрынғы дипломатын Ресей тергеушілері іздеуде

1532
Adyrna.kz Telegram

Ресей Тергеу комитетінің төрағасы бұрынғы дипломат Мейрам Қанапияның орыстар жайлы мәлімдемесіне қатысты тексеруді ұйымдастыруды тапсырды, деп хабарлайды "Адырна" порталы. 

«Әлеуметтік желілерде Санкт-Петербург тұрғындарынан Ресей Федерациясына, атап айтқанда Санкт-Петербургке барып, Ресей Федерациясы мен оның азаматтары туралы қоғамда теріс пікір айтқан Қазақстанның бұрынғы бас консулын жауапкершілікке тартуды сұраған үндеу тарап жатыр. Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласы бойынша Тергеу комитеті О.В.Бобков ұсынылған ақпарат бойынша процессуалдық тексеру ұйымдастырып, хаттама ұсынуды тапсырды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұған дейін Қазақстанның бұрынғы бас консулы Мейрам Қанапия әлеуметтік желіде:

"Қазақстандағы орыс азаматтары, сіздер еліміздің толыққанды азаматтары емессіздер. "Орыстық еркіндіктеріңізге" аз уақыт қалды. Сіздерге ендігі жерде өз істеріңіз бен сөздеріңізге жауап беруге тура келеді. Өкінішке қарай, сіздердің уақыттарыңыз тым аз. Өз тағдырларыңызға жауап беру үшін қазақ тілін үйреніп те үлгермейсіздер. Санкт-Петербургте жастық шақты өткізген жерлерді аралап, өркениетке сапарлап қайтамын. "Күйіп біткен" режимді көремін...." деген болатын.

Мейрам Қанапия Сыртқы істер министрлігінде 1997-2009 жылдар аралығында жұмыс істеген. Әзірбайжанда атташе (дипломатиялық өкіл термині - "Адырна"), Ресейдің Санкт-Петербург қаласында бас консул болған.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол екі жыл бұрын Ұлтаралық араздық тудырғаны үшін ҚР ҚК-нің 174-бабы бойынша істі болған.

Пікірлер