Премьер-министр "ҚазМұнайГаз" бен Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығын сынға алды

1374
Adyrna.kz Telegram

Премьер-министр Әлихан Смайылов Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ағымдағы жағдаймен танысу үшін жұмыс сапарымен Атырауға барып, жұмыстағы олқылықтар үшін «ҚазМұнайГаз» және Атырау мұнай өңдеу зауыты басшылығын сынға алды, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратов қазіргі таңда жеке газ турбиналық электр стансасын салу жобасы әзірленіп жатқанын айтты.

"3 шілдеде электр қуатының апатты сөндірілуіне байланысты зауыт жұмысы түгел дерлік тоқтатылды. Осыған ұқсас жағдайлар екі жыл бұрын орын алған. Сол кездің өзінде кәсіпорынға электрмен жабдықтаудың жеке көзі қажет екені белгілі болды. Әрине, бұл тек Атырау мұнай өңдеу зауытының міндеті емес, «ҚазМұнайГаз» да қажетті жұмыстарды атқаруы керек еді», - деп жауап берді Әлихан Смайылов.

"Зауыт стратегиялық маңызы бар нысан болып табылады, ол сыртқы электр энергиясына тәуелді болмауы керек. Яғни, апатты жағдайда тоқтаған жағдайда кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жеке қосалқы станцияны іске қосу керек. 2028 жылға дейін ұзартылмай, алдағы 2-3 жылда жүзеге асырылуы тиіс. Біз бұл үдерісті жеделдетуіміз керек», - деді Премьер-Министр ҚМГ мен Атырау мұнай өңдеу зауытының басшыларына сөйлеген сөзінде.

Мұрат Досмұратов төтенше жағдайға қарамастан зауыттан мұнай өнімдерін жөнелту тоқтамай, бұрынғыдай жалғасып жатыр деп сендірді.

«Зауыт тәулігіне 5 мың тоннаға жуық бензин мен 6 мың тонна дизель отынын шығаруда. Қазір жинақталған қордан тиеу жүргізілуде. Жалпы бүгінде 22 мың тонна бензин, 26 мың тонна дизельдік отын және 5 мың тонна авиакеросин бар. Яғни, зауыт толық қуаттылыққа шыққанша жөнелту жоспарын толық орындау үшін бізде мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті», - деді Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры.

Еске салайық, сейсенбі күні өткен үкімет отырысында Әлихан Смайылов «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасановтың Атырау мұнай өңдеу зауыты мен МАЭК-тегі апаттардан кейінгі жағдай туралы есебін сынға алып, баяндамадағы ақпараттың ескіргенін айтқан болатын.

Пікірлер