"ҚазМұнайГаз" басшысы мен энергетика вице-министріне сөгіс жарияланды

1567
Adyrna.kz Telegram

«ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов МАЭК-тегі апаттан кейін сөгіс алады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтты, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Смайылов еліміздің биылғы 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, сондай-ақ Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) болған апаттардың себептерін  тексеру нәтижелері жөнінде баяндады.

Смайыловтың айтуынша, батыс өңіріндегі энергетикалық жүйенің жай-күйін кеңейтілген талдау нәтижесінде энергетика кәсіпорындарының жұмысында бірқатар жүйелі кемшіліктер анықталған. Сонымен қатар, Энергетика министрлігі, «KEGOC» АҚ, «МАЭК» ЖШС және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жұмысында олқылықтар анықталды.

«ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке мұнай өңдеу зауытының қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша шараларды уақтылы орындамағаны үшін сөгіс жарияланады.

Сонымен қатар, батыс энергетикалық хабының қауіпсіздігіне бақылауды әлсіреткені үшін Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс беру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ «МАЭК» ЖШС, «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «KEGOC» АҚ бірқатар басшылары мен лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік шаралар қолданылады, делінген хабарламада.

Сонымен қатар, мұндай дағдарыс жағдайларына жол бермеу үшін Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізу, батыс энергетикалық аймағын күшейту, Атырау мұнай өңдеу зауытын сыртқы электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету және сол жерде өзін-өзі энергиямен қамтамасыз ететін станса салу, батыс аймағын Қазақстанның бірыңғай электрэнергетикалық жүйесіне қосу жұмыстарын және басқа да бірқатар шұғыл және жүйелі шараларды жүзеге асырады.

Мемлекет басшысына  вегетациялық кезеңі су тапшылығы жағдайында өтіп жатқан оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі туралы мәлімет берілді. Осыған байланысты Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар қажетті шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, сумен қамтамасыз ету үшін суармалы ауыл шаруашылығы дақылдарының қайсысына басымдық берілетіні анықталады, суайналым әдісі қолданылады. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары белсенді жүзеге асырылуда. Арналардағы су шығынын азайту және жинақталатын су мөлшерін көбейту үшін  гидротехникалық құрылыстарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұл Мырзағалиевке берілген екінші сөгіс. «ҚазМұнайГаздың» бірінші басшысы 2022 жылдың тамызында дизельдік отынмен қамтамасыз ету бойынша дер кезінде шара қолданбағаны үшін сөгіс алған болатын. Одан кейін комиссия отандық мұнай базаларының дизель отынын бөлшек құнынан жоғары бағаға сату фактілерін тіркеді, бұл өңірлерде жанармай сату көлемінің төмендеуіне әкелді, өйткені оны сатып алу жанармай құю станциялары үшін тиімсіз болды. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз», «Петросун» және мұнай өңдеу зауыттарының генерация, маркетинг және логистика саласындағы жүйелік олқылықтар мен кемшіліктер анықталды.

Мырзағалиевпен бірге осы жылдың сәуір айында қызметінен босатылған Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа сөгіс жарияланды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер