Дидар Амантайдың ісі жанкештілік

7293
Adyrna.kz Telegram

Осыдан бір-екі күн бұрын белгілі қаламгер Дидар Амантайдың Facebook әлеуметтік желісіне денсаулығына қатысты жазған жазбасын оқыдым. Артынша, Adyrna ұлттық порталында жазушының "Шығармаларымның бестен бірі ғана жарық көрді" деген тақырыппен сұхбаты жарияланды.

Осы екі жарияланым менің қолыма еріксіз қалам алғызып отыр.

Сонау 1990 жылдардан бастап, күні бүгінге дейін қазақ әдебиеті мен ұлт көсемсөзі һәм қазақ журналистикасына, жалпы ұлттық руханиятқа Дидар Амантайдай қызмет етіп келген, еңбек сіңірген қаламгер кемде-кем.

Бұл күндері Дидар Амантай қоғамдық ортадан, түрлі рухани-мәдени жиындардан көрінбейді. Себебі соңғы жылдары қаламгерді ауыр дерт меңдеп, үйінде отыр. Кешегі күні ФБ парақшасындағы жабырқау жазбасы – соның айғағы.

Дидардың ерекшелігі – ол өз замандастарын оятты, өз қоғамына ордалы ойларға негіздеп озық сөз айтты. Сол заманның жастары Дидарға қарап бой түзедік. Амантайдың Дидары не деді екен деп апта сайын шығатын "Заман-Қазақстан" газетін күтетін едік. Марқұмдар Таласбек Əсемқұловты, Ғалымжан Мұқановты, қазіргі классигіміз Маралтай құрдасымызды белгілі деңгейде Дидар Амантайдың қаламы арқылы, ол тілші болып істеген, басқарған, жетекшілік еткен апталық газеттер ("Заман-Қазақстан", "Алаш Орда", "Начнём с Понедельника т.б) арқылы танығанымыз рас. Аталған тұлғаларды, əсіресе Таласбек пен Ғалымжан ағаларымызды Дидар Амантай баспасөз беттерінде көп насихаттады. Дидардың басты қасиетінің бірі – жақсы танығыштығы, олардың қаламынан шыққан көркем ойлы сөз танығыштығы болатын. Ол сол қасиеттерін баспасөз беттеріне жаратты.

...Кейін Той заманы келді. Тəуелсіздіктің алғашқы жылдары тəп-тəуір талғамды Ойға ұмтылған қазақ қоғамы тоқырай бастады. Сарт əуендерімен қаруланған "Той заманы" қазақ руханияты төріне талақай туын тігіп, үстемдік құрды. Озғын ойлы Дидарлардың заманы өтіп, тозғын саналы эстрада фанерщиктерінің күні туды. Кітап оқу культке айналған кезең келмеске кетті. БАҚ-на басшылығына өңшең функционерлер ие болды. Содан кейін БАҚ-тардан бақ тайды.

Қазір не көп БАҚ көп. Бірақ сол көп БАҚ-дың ортақ соры - ой жоқ. Теледидар біткен көздері жылтыраған ойсыздарға толы. Қалам қуаты жоқ пендеге толқын-толқын тегеурінді ой қайдан келсін?! Ой деңгейі Қайратиктер мен Төрештерді мақтаудан, солардың "творчествосының" фанаты болудан аса алмағандар - қазіргі заманның дуалы ауыз журналисі атанып, аты озып тұр. Мұндай жеңіл ауыз джентельмендерге не айта алғандайсың? Заман солардікі!

Қаламгер қауым да Дидар Амантайды ұмытқан сыңайлы. Тіпті Дидардан өрнек алып, оны өзіне ұстаз тұтып қалам ұстағандар, одан ағалық қамқорлық, інілік ізет, шығармашылық демеу көргендер де үндемейді. Қайткендейсің, қоғамды немқұрайлық меңдеген бір өлі заман болып тұр.

Қазір жанын жеген ауыр дертпен алысқан Дидар үйінде отыр. Еш жерде жұмыс істемейді, істегісі келеді, бірақ қазіргі жағдайында жүріп-тұрмақ түгілі қалам ұстау мен компьютердің клавиатурасын басудың өзі мұң. Дидардың еміне дәрігерлер өте қымбат дәрілер тағайындаған. Ол дәрілерді жазушы шетелден алдырады. Мүгедектікке алатын болмашы қаражатқа күн көріп отырған Дидарға бұл дәрілерге ақша табу күннен күнге қиындап барады. Ал әр дозасы төрт сағатқа ғана жететін бұл дәрілерсіз Дидарға жан сақтау және қиын. Мен қаламгердің бұл ауыр жағдайы жайында эфирлерден айттым, Facebook парақшамда да әлденеше рет жаздым. Бірақ селт еткен жан баласы болсайшы.

Осындай ауыр дертпен алыса отырып, Дидар Амантай 7 томдық таңдамалы шығармалар жинағын шығаруда. Мына заманда бұл дені-қары сау қаламгердің өзіне оңай бейнет емес. Не деген жанкештілік десеңізші!

Түйіндей айтқанда, Дидар Амантай бұл күнде моральдік-материалдық тұрғыдан қолдауға зәру. Мен қаламгердің қазіргі ауыр жағдайына биліктегі азаматтар назар аударады деп үміттенемін. Басқа амал қалмай бара жатыр...

Ерлан Төлеутай

 

Пікірлер