Саяси реформаларды "тәжірибесі жоқ" жастар жасайды

1619
Adyrna.kz Telegram

Жұрт саяси науқанға өздерінше үн қосып жатыр екен, мен де бес ауыз сөзімді қоса кетейін. Мына бізде кандидаттарды таңдағанда айтылатын "оның ел басқаруға тәжірибесі жоқ" деп жігерлі жастардың жолын кесетін сөз нағыз оттаған әңгіме.
Біріншіден, бұндай логикамен 18 млн халықтың "тәжірибесі жоқ" деуге болады. Егер мемлекетті бір адам отыз жыл басқарса, кімде қандай ел басқаратын тәжірибе болады, айналайындар ау!?
Екіншіден, әлемдік практика көрсетіп отырғандай нағыз реформаларды тап осындай "тәжірибесі жоқ" жастар жасап шыққан екен.
1959 жылы, Сингапурде билік басына келген Ли Куан Ю дің жасы небәрі 36 жаста болған екен. Таза пацан. Оған шейін бұл жігіт заңгерлікпен айналысып кәсіподақтар маңында улап - шулап жүрген заңгер бала еді, онда ел басқаратын тәжірибе қайдан болсын. Ал сайлауда жеңіске жетіп еді, елін шыр айналдырды, қазір Сингапур қайда, біз қайда?
Тағы бір мысал, осы Лидің шәкірті грузиялық Михаил Саакашвили билік басына келгенде жасы небәрі 37 де болған екен. Бұл жас жігіт қалалық мәслихатта депутат боп "жемқорлықпен күрес" деп екіленіп жүріп көзге түскесін, бұны Шеварнадзе әділет министрлігіне министр ғып қоюы мұң екен, бұл жемқорларға бүйідей тиеді. Бұның ондай мінезінен шошып, президент Шеварнадзе бір жылға жетпей оны орнынан алып тастайды. Михаилдың бар тәжірибесі осы ғана. Кейін осы Саакашвили билікке келгесін Грузияда Совет өкіметі жеңе алмаған ұры - қары, жемқор, қарақолдардың тамырына балта шапты, керемет реформалар жасады.
Енді Украина халқы осы құбылысты дереу іліп әкетіп өз арасынан бұрыңғы жүйеге еш қатысы жоқ, тәжірибесіз жап - жасыл Зеленскийді басшы қылып сайлап отыр. Бұндай басқа мысалдар көп, Венесуэладағы Гуайдо да соның бірі, Армениядағы Пашинян да сол.
Жалпы, өзгеріс тілеген адамзат баласы елде шынайы өзгеріс болуы үшін бұрыңғы жүйеден бір де бір адамды да алуға болмайтынын мықтап түсініп, сайлау арқылы жүйесіз жаңа кандидаттарын сайлап елдерін өзгертіп жатыр. Бұл да заңдылық қой, "мен бұрыңғы былықты осы тағымда жалғастырамын, осы жолдан ауытқымаймын" деген кезекті мақаудың халыққа түк те пайдасы болмайтыны уақыт өткен сайын айдан анық боп тұр.
Ал біздегі қорда ішінен қи іздеп осы биліктің жүйесінен көсем іздеп жүрген адамдар - бұлар ескірген совоктық санадағы адасқан адамдар. Солар ғана "тәжірибеге үңіліп жүрген ". Баяғыда советтік жүйеде қызыл партократтардың сондай әдеті болатын, басшылыққа ұсынылар кандидаттың - "қызыл опыты", істеген қызметтері, "партияға адалдығы", анасы - мынасы ескеріліп, оның іскерлігі ескерілмейтін. Ақыры сондай дарынсыз басшылар алып мемлекеттің күлін шығарды. Сосын осы жүйеден жаңа басшы іздеп жүрген адамдар - әдетте жәй ғана жершіл немесе рушыл я болмаса нақ тоғышар, біліксіз тобыр.
Ал бұл кезде әлемдегі басқа "тәжірибесі жоқтар" керемет реформаларын жасап халқының тарихында тұлға боп жазылып жатыр, бұл дәлелденген тарихи факт және жаңа тренд.

Олжас Әбіл
Пікірлер