"Шілде бүлігінен" кейін мерзімін ұзартқан президент енді сайлауға түсе ала ма?

1576
Adyrna.kz Telegram

2016 жылдың 15 шілдесінде, жұма күні, кешке түрік әскері президент Режеп Тайып Ердоғаннан билікті қолға алуға тырысқан еді. "Шілде бүлігінен" бүгінге дейін көп нәрсе өзгерді. Анадолы жұртында бірқатар саяси өзгерістер, экономикалық гүлдену мен құлдырау болды.  Осы орайда "Адырна" ұлттық порталының журналисі өткен күн мен бүгіннің парқын бағамдап көрді. 

Телеарнадан басталған төңкеріс

Осыдан 7 жыл бұрын өздерін "елдегі бейбітшілік кеңесі" деп атаған түрік әскери тобы мемлекеттік TRT арнасының эфиріне шықты. Олар эфир барысында Түркия халқына тосын мәлімдеме жасады.

Эфирден "Түркия Қарулы Күштері конституциялық тәртіпті, адам құқықтары мен бостандықтарын, заңның үстемдігі мен бұзылған қауіпсіздікті қалпына келтіру үшін елдегі билікті толығымен қолға алды" деген әскери мәлімдеме оқылды.

"Шілде бүлігінде" жасалған мәлімдемеде Түркияның барлық халықаралық міндеттемелері мен мәмілелері өз күшінде қалатыны қоса айтылды.

Телеарна эфирінің тізгінін ұстаған әскерилер ел мүддесі үшін жаңа Конституция жазуға уәде беріп, Түркиядағы зайырлы биліктің  сипаты өзгергенін мәлімдеді. Сонымен қатар олар елде әскери жағдай енгізіліп, коменданттық сағат жарияланғанын ескертті.

Кейінірек TRT арнасы хабар таратуын тоқтатты. Түркияда интернет ұстамай, байланысқа қатысты проблемалар туды.  Бұл жайлы Reuters агенттігі сол кездегі желі қолданысын бақылаған өз зерттеуінде хабардар етті. Агенттіктің мәліметінше, ел аумағында әлеуметтік желілерге қол жеткізу қиынға соғып,  Ататүрік атындағы Ыстамбұл халықаралық әуежайы өз жұмысын тоқтатты, арнайы әскери техникалар әуежай тұсына беттеді.

Демалыстағы "демігу"

Би-би-си агенттігі Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның төңкеріс кезінде жағасын Жерорта теңізі шайып жатқан  Мармарис қаласында демалып жатқанын жазды. Ердоған төңкеріс басталғанннан кейін, шамамен,  екі сағаттан соң байланысқа шықты. Ердоғанның үндеуін CNN Turk телеарнасы таратты, онда Ердоған FaceTime бағдарламасын пайдаланып үндеу жасады. Телеарна қызметкерінің камера орнына смартфонмен хабар таратуына тура келді.

​​Ердоған өз мәлімдемесінде төңкерістің бастамашысы ретінде түрік жазушысы, бұрынғы имам және уағызшы, АҚШ-тың Пенсильвания штаты, Сейлорсбург қаласында ерікті түрде жер аударылған Ислам қоғам қайраткері Фетхуллах Гүленді айыптап, оның жақтастары мұндай әрекетке барып отырғанын айтты.

Ыстамбұл мен Анкарада төңкеріске қарсылық көрсетуші 246 азамат қаза болды. 1537 кісі жараланды.

24 төңкерісші көз жұмса, 50 төңкерісші жаралы түрде қолға түсірілді.

Түркия: Кеше мен бүгін

2021 жылдың 19 қарашасында Түркияның қазіргі билігіне қарсы оппозиционер саналатын Фетхуллах Гүлен АҚШ-та қайтыс болғаны жайлы ақпарат тарады.

Бүліктен бері Ердоған екі рет президент сайлауын өткізіп тастады. 2017 жылғы конституциялық реформада Ердоғанның бұрынғы президенттік мерзімі жарамсыз саналып, ел президенттік басқаруға көшкен. 2018 жылғы өткен сайлауда әупіріммен жеңген ол биылғы сайлауда да екінші турдан кейін барып жеңіске жеткен.

Түркиядағы президент сайлауының екінші турында қазіргі мемлекет басшысы  Режеп Тайып Ердоған 52,16 пайыз дауыс жинап, билікте қалды. Оның қарсыласы Кемал Кылычдароғлы 47,84 пайыз дауыс жинады. Бұл елде тағы да таяу келешекте негізсіз заң өзгеріп қалмаса, Ердоған енді сайлауға түсе алмайды.

Қарсыластары Ердоғанның беделін құлдыратқан басты себеп ретінде табиғи апаттар мен зілзаланы, түрік лирасының құлдырауын, қымбатшылықты жиі атайды.

Түркиядағы зілзала кезінде әкімшіліктің баяу әрекеті және жер сілкінісіне дайын емес болған ғимараттардың құрылысына рұқсат берілгені үшін Ердоған сынға ілінді. Түркияда биылғы ақпандағы жер сілкінісінен 49 мың адам қайтыс болып, жүздеген ғимарат қирады.

Биылғы қазан айында Түркия республикасының құрылғанына 100 жыл толды. Осы қарсаңда жеті жыл бұрын "Шілде бүлігімен" бетпе-бет келген Ердоған өзінің белсенділігін көрсетіп қалғысы келеді.

Дастан Қастай

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер