Қырғыз президенті Қазақстан мен Қырғызстандағы жемқорлықты қағытты

1488
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 17 шілдеде Көлік және коммуникациялар министрлігіне 265 бірлік техника табыстады. Осы салтанатты шарада қырғыз басшысы сөз сөйлеп, екі Қазақстан мен Қырғызстан жемқорлары туралы қағытпа қалжың да айтты. "Өмірдің өзіндей" болған қалжың арқылы біраз мәселенің шетін шығарды, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы.

Қырғызстан президенті салтанатты шарада сөйлеген сөзіне жемқорлық туралы әзіл қосқан. Ол әзілдің бір ұшы Қазақстандағы жемқорлыққа тиеді.

"Қазақ пен қырғыз дос болып, Мәскеудегі Жол университетін тәмамдап біреуі Алматыға, екіншісі Бішкекке келеді. Арада бір жыл өтер-өтпестен қазақ қырғыз досын "шай беріп қояйын" деп шақырады. Барса, екі қабат үй, алты жүздік "Мерседес", жағдайы керемет екен. Қырғыз қазақ досынан: "Былтыр ғана екеуміз студент едік. Бір жылда қалай байып кеткенсің? Маған мұның құпиясын ашпайсың ба?" деп сұрайды. Қазақ досы оны Алматының шетіне алып шығып: "Мына жолды көрдің бе? Осы жолды мен салдым. Шетінен бес сантиметр, қалыңдығынан бір саниметр үнемдедім. Сөйтіп байыдым" дейді.

Қырғыз еліне қайтып, үш айдан кейін қазақ досын қонаққа шақырады. Келсе, қырғыз қазақ досынан екі есе байып алған. Үш қабат үй, "Гелендваген", саяжай...

Қазақ оған "Сен үш ай бұрын бір бөлмелі пәтер жалдап тұрушы едің ғой" дейді. Сөйтсе қырғыз қазақ досына Қарабалтаға дейінгі жерді көрсетіп "Мұнда жол салыну керек еді. Мен салмай қойдым" депті.

Президенттің астарлы бұл әзілі жиналғандардың барлығының жүзіне күлкі үйіргені байқалады.

Естеріңізге сала кетейік, алты жылдан бері жөнделіп бітпей жатқан Бішкек - Қарабалта арасын жалғайтын 52 шақырымдық тас жол Қырғызстанда жиі сыналады. Кейбір жөнделген тұсының өзінде тексеру кезінде сапасыз жөндеу жасалғаны анықталып, қоғам назарында келе жатқан құрылыстың бірі. Жөндеу жұмысы басталғаннан бергі аралықта елде билік ауысып, оған қоса жол құрылысын жөндейтіндер ауысып, Бішкек - Қарабалта жолы Қырғызстанда таусылмайтын жырға айналып кеткені мәлім.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер