Мәскеуге санкция – Астанаға инвестиция. Қатер мен мүмкіндік қисыны

2128
Adyrna.kz Telegram

Қаңтар оқиғасы мен Украинадағы жағдай елге инвестиция тартуға кедергі келтірді ме? Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтан орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сұралды.

Қазіргі таңда шет елдің Қазақстанға инвестиция құюға деген талпынысы қалай? Қаңтар көтерілісінен кейін Қазақстанға келетін инвестиция азайды ма, жоқ әлде көбейді ме?

«ИНВЕСТОРЛАРДЫ СЕНДІРДІК»

Алмас Айдарұлының айтуынша, қаралы Қаңтардан кейін елімізге келетін инвестицияның көлемі көбейген. Әйтсе де ол қаржы тарту бойынша үлкен қауіп төнгенін жасырмайды. Ал инвестицияның көбеюіне себеп – Ресейдің Украина соғысынан кейін санкцияға ұшырауы.

«Экономикада «қара аққу», яғни күтпеген жағдайлар болады. Біздегі «қара аққудың» біріншісі тариф болды, одан кейін Қаңтар оқиғасы және Украинадағы жағдай болды. Осы жағдай инвесторлардың қорқынышын тудырды. Қаңтар оқиғасынан кейін ең бастысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, барлық инвесторларға хаттар жолданды. Онда біздің инвесторлар алдында міндеттемелерімізді орындайтынымызды айтып, сендірген болатынбыз. Сол себепті жаңа реформалар қабылданды. Қаңтардан кейін туындаған Украина жағдайы ел назарын өзіне аударып әкетті. Ал Қазақстандағы инвестицияның көлемі артып келеді. Себебі Ресейдегі жағдайдан соң Қазақстанға келетін инвестициялардың көлемі мен компаниялардың саны артты», - дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров.

БІРЕУ СЕНЕТІН, БІРЕУ СЕНБЕЙТІН КӨРСЕТКІШ

Экономист Жанұзақ Әкім елдегі кез келген дүрбелең инвестициялық тартымдылықты төмендететінін айтады. Нақтырақ айтқанда, ол адам құқықтарының сақталмауы мен БАҚ-дағы сөз еркіндігінің болмауы сырттан ақша тартуға кедергі келтіретінін ескертті.

«Бірақ өткен жылғы Үкіметтің ресми есебі бойынша, келген инвестиция алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары болған. Бұған біреу сенеді, біреу сенбеуі мүмкін. Өздері кейде жағдайды тұрақты етіп көрсету үшін жалған ақпарат беруі де мүмкін. Қателеспесем, олар түскен инвестиция көлемі «алдыңғы жылдырмен салыстырғанда 15 пайыз жоғары болды» деп мәлімдеді. Тіпті кейбір салаларға рекордтық деңгейде ақша түсті деп жатыр,» - дейді Жанұзақ Әкім.

Оның айтуынша, жалпы инвестицияның елге келуіне сенім мәселесі айтарлықтай рөл атқарады. Қаңтар оқиғасы бұрқ ете түсіп, екі-үш айдан кейін жағдай тынышталды. Яғни, билік ауысқан жоқ. «Бұл жерде Сыртқы істер министрлігі емес, Президенттен бастап бәрі әрекет етті. Жалпы біздің елде тұрақтылық бар»,- дейді экономист.

ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ИГІЛІГІ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ МА?

Соңғы отыз жылда елге сан миллиардтаған инвестиция келді. Бірақ оның игілігін халық көрді ме? Халықтың көп бөлігінің әлі күнге дейін кедейшілікте өмір сүріп жатқаны инвестициядағы жемқорлыққа байланысты емес пе? Ел көкейіндегі осы сұрақты қойғанда, экономистің жауабы мынандай болды.

«Біріншіден, бізде заңдар солқылдақ. Себебі, әу баста солай әдейі жазылған болатын. Соның кесірінен биліктің ең төменінен бастап ең жоғары сатысына дейін жемқорлық жайлаған. Елге келіп жатқан қаржылар мақсатты жұмсалып жатқан жоқ. Нақтырақ айтсам, квазимемлекеттік, яғни жеке компанияларға жұмсалды. Ел бюджетіне салық түспегеннен кейін халыққа келер пайда жоқ. Осындай жүйелі ұрлықтың салдарынан инвестицияның игілігін көре алмай отырмыз. Бюджеттің қаржысы талан-таражға түсті. Ешқандай бақылау болмады»,- деген Жанұзақ Әкім елден қашқан дәулеттілер мен елдегі экс-президент әулетінен шыққан адамдардың кейде тіпті салық төлемей, қаржы мекемелерінен қаржы суырып алып отырған айтады. Экономистің айтқандарын тәуелсіз ақпарат көздерінен анықтау қиын. Дегенмен елде жемқорлықтың кең жайылғанын және онжылдықтар бойы соған жағдай жасалғанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер