Мұнарлы Маңғыстау. Құлыбаевтың қарамағында болған кәсіпорын ауаны газбен ластады

2083
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстау облысында ауаға газ тарағаны хабарланды.  Ауаға тараған газ «ҚазАзот» АҚ кәсіпорнынан шыққан. Кәсіпорын Құлыбаев басқарған кезде де экологияға зор нұқсан келтіргені үшін айыппұл төлеген еді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы облыстық экология департаментіне сілтеме жасап.

21 шілде, 19:11 шамасында Маңғыстау облысы бойынша экология департаментіне «ҚазАзот» АҚ-дан шұғыл хабар түскен. Хабар бойынша кәсіпорыннан ауаға газ тараған.

Кәсіпорын № 4 агрегатты іске қосу процесінде кей құрылғылардың кептеліп қалғанын және бағанға тұзсыздандырылған судың шектеулі берілуінің салдарынан ҒТР қызметінің бұзылғаны мәлімдеген.  Мұның салдарынан 5 минут бойы атмосфераға нитрозды газ бөлінген.

Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті «ҚазАзот» АҚ-ға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заңда белгіленген тәртіп бойынша қажетті шаралар қабылдаған.

«Атқарылған жұмыстың нәтижесі қосымша хабарланады» деп мәлімдеді департамент.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Ақтауда аммиак селитрасын өндіретін «ҚазАзот» кәсіпорны қоршаған ортаны ластағаны үшін 139 млн теңге айыппұл төлеген еді. Экологтар кейбір қондырғылардан ауаны ластаушы заттардың шамадан тыс көп шыққанын 4 жыл бұрын анықтаған. Алайда, компания басшылығы тексеру қорытындысымен келіспей сотқа жүгінген. Сот шешімі шығып, кәсіпорын тиісті айыппұлды төлеген болатын.

2022 жылы Тимур Құлыбаевтың қарамағында болған «ҚазАзот» компаниясы өз акцияларын сатты.

«ҚазАзот» — аммиак пен аммиак селитрасын өндіруші әрі экспорттаушы. Кәсіпорын Маңғыстау облысында орналасқан.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер