Екі әйел алған жігіттің бір әйелін қорқытып, қорлағаны айтылды

2366
Adyrna.kz Telegram
Биыл көктемде әлеуметтік желіде шымкенттік жігіт бірден екі қызға үйленгені туралы ақпарат көпшіліктің талқысына түскен еді. Бұл туралы жігіттің өзі әлеуметтік желідегі парақшаларында жиі жазып, айтып та жүр. Алайда сол екі қыздың бірі — Фариза Massaget.kz тілшісіне шын мәнінде қазіргі жағдай қандай екенін әңгімелеп берген екен, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бірден екі әйел алған жігіттің видеосы наурызда әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыға түскен болатын. Көптеген адам бұл жай хайп деп, сенбеген еді.

Өзін Ержан мырза деп атайтын жігіттің екі әйелінің бірі болған Фариза есімді қыз редакциямызға хабарласып, бар жағдайды түсіндіріп, көмек сұрады. Оның сөзінше, Фариза бүгінде ол үйден кетіп қалған. Ал бастапқыда күйеуі тағы бір әйел әкелетінінен бейхабар болған екен.

- Негізі біз екеуіміз үйленбек болғанбыз. 16 наурызда «тәтті шай» болды. 17 наурызда мені келісіп алып кетті. Сол сәтте көліктен бір қызды көріп қалдым. Бірақ тағы бір әйел әкеле жатыр деген ой болмады. Үйіне барған кезде ол қыз бала көтеріп қалғанын білдім. Ол кезде қыздың жасы 17-де еді, қазір 18-де. Маған жағдайды түсіндіргеннен кейін мен қалдым. Бірақ үшеуіміз туралы әлеуметтік желіге салып жібергенін қаламадым. Біздің өміріміз туралы әлеуметтік желіге салуына қарсы болған кезімде мені ұрып-соғу басталды. Қазір ол үйден қашып кеттім. Ол үйде тұрмаймын», — дейді Фариза.

Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі әлі күнге дейін хабарласып кездесуді сұрайды екен.

- Суреттеріміз бен видеоларымызды әлеуметтік желіге әлі күнге үшеуіміз бір үйде тұратындай салып тастайды. Тікелей эфирлерге кіріп, мен әлі сол үйде тұратындай айтып отырады. Бірақ менің ол үйден кеткеніме екі айдай уақыт болды.

Ажырасатындай қалың мал беру деген секілді басқа да дәстүрлер орындалмады. Анасы екеуі келіп, «жағдайым жоқ» деп айтты. Мен екі әйел болып тұрмаймын деген кезде маған пышақ тақап, мені қорқытты. Мені қорқытып, үркітумен ұстап отырды. Полицияға, Ішкі істер басқармасына дейін шағымдандым. Бірақ ешкім ешнәрсе істей алмады. Себебі полицейлер ол оның жеке өмірі болғандықтан, ешнәрсе істей алмайтынын айтты. Оқиға Шымкенттің өзінде болған. Қазір ол екінші әйелімен тұрып жатыр, мен оған еш қарсы емеспі», - дейді Фариза.

Фариза бұрынғы күйеуі оның суреттерін парақшасына салмаса екен деген өтінішті ғана айтты.

- Менің мазамды алмаса деймін. Мен ол үйде тұрмасам да бұрынғы фото, видеоларымызды пайдаланып, әлі күнге дейін үшеуіміз бірге бір үйде тұратындай салып жүр. Оның бәрі әлеуметтік желіде оқырман жинау үшін істеп отыр. Мен оған қарсымын, себебі менің өз өмірім, болашақ өмірім бар шығар? Мені көрген адамдар бетіме басқанын қаламаймын. Әлеуметтік желіде салған суретінде менің көзім көгеріп тұр. Себебі мен оның алдында салма деп қарсы болған едім. Осылайша, мені ұрып жіберген. Қазір екінші әйелі де маған хабарласып, мазақтап, күйеуі екеуі бірігіп, әрнәрсе айтады. Осы күнге дейін екі ай бойы ештеңе демедім. Ал қазір шегіне жетті. Жасырын нөмірмен хабарласып, балағат сөздер айтады, - деп қынжылды Фариза.

Ал полиция өкілдері бұған қатысты былай деп жауап берген:

"Бұл дерек аудандық полиция басқармасына тіркеуге алынып, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Істе қылмыс құрамы болмауына байланысты қорғау нұсқамасын шығару үшін жергілікті полиция бөліміне жолданды. Қазіргі таңда күдіктінің бұрынғы отбасылық суреттерін әлеуметтік желілерге салғаны бойынша тексеру жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің Massaget.kz тілшісіне берген ресми жауабында.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер