Жасылдардан жік шықты. "Байтақтағы" партия басшылығына талас

2335
Adyrna.kz Telegram

Кеше «Байтақ» жасылдар партиясының кезектен тыс съезі өткені хабарланды. Жиын барысында партияның атауы «Қазақстан жасылдар» партиясына айналып, оның төрайымы ретінде белгілі эколог Айжан Сқақованың сайланғаны айтылды. Бүгін «Байтақ» партиясы және бір «шын» ІІІ съез өткізіп, партияның жаңа мақсат-міндеттерін пысықтады.

Бүгінгі жиын кешегі жиынды заңсыз деп санайтынын айтып, «қарағайға қарсы біткен бұтақ» – «Қазақстан жасылдар» партиясының өкілдерін «бүлікшілер» деп санайтындығын жеткізді. «Адырна» ұлттық порталының журналисі бұл мәселенің анық-қанығына үңіліп көрді.

БИЛІКШІЛЕР КІМ, БҮЛІКШІЛЕР КІМ?

Белгілі эколог Айжан Сқақова 

«Байтақ» партиясының және оның басшыларының арасында болып жатқан  саяси айрықша белсенділікке қарап партия ішінде бас билікке талас жүріп жатқанын байқауға болады. 21 шілде күні эколог белсенді Айжан Сқақова партия төрайымы ретінде сайланып, тіпті партия атауын өзгертті. Портал журналисіне Айжан Сқақованың хабарлауынша, съезге қатысу үшін облыстық конференцияларға ұсынылған 80 делегаттан партияның барлық жиырма республикалық филиалынан 61 делегат қатысқан. Олар  партиядағы авторитаризмнің алдын алу үшін жарғыға өзгерістер енгізген. Нәтижесінде, партия бірнеше тең төрағамен басқарудың ұжымдық тәсіліне көшкен.

Жарғының жаңа нормаларына сәйкес партияның 4 тең төрағасынан тұратын Кеңес сайланғанын байқауға болады. Олар: Бейбіт Әпсенбетов, Қажым Жұмалиев, Әділбек Қозыбақов және Айжан Сқақова.

«Қазақстан жасылдар» партиясын құрушы белсенділер төраға Азаматхан Әміртаевты айыптаған.

«Съезд барысында «Байтақ» партиясының негізін қалаушылар, республикада танымал экологтар мен эко қозғалысының көшбасшылары бір кездері Азаматхан Әміртаевқа төраға қызметін сеніп тапсырған. Олар Азаматханның билікті басып алуға, демократиялық құндылықтарды елемеуге және сайлаушыларды құрмет көрсетпеуге бағытталған әрекеттерін айыптады» делінген тең төрағалар туралы айтылған хабарламада.

Сонымен қатар онда «Байтақ» партиясының саяси бюросы бұған дейін Әміртаевты партия қатарынан шығарылғаны құлаққағыс етілген.

«ПАРТИЯДАН ЕШҚАНДАЙ ЖІК ШЫҚҚАН ЖОҚ»

Азаматхан Әміртаев

Азаматхан Әміртаев бұл деректерді жоққа шығарып, нақты «съездің» бүгін өткенін айтады.

- Бүгін, 22 шілде, Астана қаласы, «Аланда» қонақ үйінде партиямыздың заңды түрдегі республикалық съезі өтті. Оған әр өңірден делегаттар келді. Партиядан ешқандай жік шыққан жоқ. Қарарларға өзгерістер енгіздік. Екіншіден, жаңа саяси кеңестің құрамын бекіттік. Бүгін біз партиямыздың бір, ортақ, заңды екенін көрсеттік. Ал енді өзге біреулер жиын жасап жатса, олардың әрекеті заңға қайшы ма, жоқ па, сол жағын қарау керек, - деді Азаматхан Әміртаев.

Кейіннен «Байтақтың» саяси «орнықтылығына» қатысты партия хатшысы Владимир Мартель пікір білдіріп, кешегі жиынды «съез» деп атауға келмейтінін, олардың барлығы жүйесіздік пен бүлікке барып отырғанын айтты.

- Кеше партияға көңілі толмайтын бүлікшілердің заңсыз жиыны болды. Олардың барлығы кезінде Азаматхан Әміртаевқа дауыс бергендер еді. Жиындары – заңсыз, не мөр жоқ, не партия белгісі жоқ. Бүгін біз  заңды ІІІ съезімізді өткіздік, республиканың әр өңірінен 3 делегаттан келді. Саяси кеңес құрамын бекіттік, қарарымызды жаңарттық. Ал, кешегілердің барлығы сауатты адамдар, бірақ әрекеті түсініксіз. Мұндай бүлікті олар 6 мамырдан бері ұйымдастырып келеді, - деді партия хатшысы.

«Байтақтағы» партия билігіне тартыс дүйім жұртты ойландырып қойды. «Байтақ» партиясының өкілдері заңды алға тартып, құқықтық бірізділікке жүгінеді, ал «Қазақстан жасылдар» партиясының белсенділері демократия заңдылықтарының сақталмағанын сөз етіп, сайлаушылар құқығының бұзылғанын айтады. Келесі үлкен съездің қандай сипат, қандай сарында өтері әзірге белгісіз.

Еске сала кетейік,  «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі  2015 жылы тіркелді. 2023 жылы 20 қаңтарда Байтақ партиясы сол жылғы парламент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. «Байтақ» партиясы наурызда өткен сайлауда шектік дауыс жинай алмай, Мәжіліске өте алмады.

Дастан Қастай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер