Белсенді Әйгерім Тілеужан отырған тергеу изоляторындағы әйелдер аштық жариялады

1872
Adyrna.kz Telegram

Белсенді Әйгерім Тілеужан отырған тергеу изоляторында аштық акциясы басталды, деп жазады "Адырна" порталы. 

Алматыда N72 тергеу изоляторындағы әйелдер аштық жариялады. Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша сотталған белсенді Әйгерім Тілеужан да сонда отыр. Бұл туралы Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханова хабарлады.

Ол Facebook парақшасында аштық жариялауға тергеу изоляторындағы нашар жағдай себеп болғанын, соның салдарынан  кем дегенде екі адамның талма ауруы ұстағанын жазды.

Әзірге қанша әйелдің аштық жариялағаны белгісіз. Бірақ олардың қатарында Бағдагүл Андреева да бар. Ол өткен жылдың қараша айында "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, билікті басып алуды жоспарлады" деген күдікпен өзімен бірге тағы жеті адам ұсталған соң қамауға алынған.

Еске сала кетейік, Әйгерім Тілеужан - қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алды деп айып тағылған, жуырда төрт жылға сотталған журналист әрі белсенді. Осы іс бойынша тағы төрт адам сотталып, олардың әрқайсысына сот сегіз жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер