ӨЛІ РИЗА БОЛМАЙ ТІРІ БАЙЫМАЙТЫНЫН ҰМЫТПАЙЫҚ

4029
Adyrna.kz Telegram

Құрметті замандас, бұл не тақырып деп ойлап қалған боларсыз? Оныңызды түсінемін. Дәл бүгін осындай тақырыпқа қалам сілтермін деген ойым болған жоқ. Бірақ солай жасауға тура келді.

Бірнеше күн бұрын бір кісінің қазасы туралы естідім. Қоштасуға, туған-туыстарына көңіл айтуға бардым.

Көп адам жиналыпты. Ол әрине дұрыс, себебі қайтыс болған азамат көпшілікке сыйлы кісі еді. «Тас түскен жеріне ауыр» деген ғой бабаларымыз. Қаза әрдайым ауыр, әсіресе жанұясы мен жақын туыстарына қатты бататынына кім сөз таластырады? Сонымен біршама қауым қайғыны бөлісуге келіпті.

Сонда көргенім мені тағы да ойландырып тастады. Тағы да деу себебім, бұрында осы бір мәселе туралы жазсам деген ойда болғанмын. Мен де пендемін, қу тіршілік деп жүріп қол тимей кетеді деп ақталмаймын, турасын айтайын құнттамаған өзім.

Жас емеспін, бұл барғаным бірінші қаза емес. Адам болған соң қанша рет тойға барғаныңды есептемегендей, қанша қазаға барғаныңды да біле бермейсің. Айналып келгенде, сол жерде кездескен бір танысым айтқандай, зымырап өтіп жатқан уақыт.

Иә, уақыт, уақыт... Көп нәрселер жасау керек, бірақ қолың тимейді. Солай ақталамыз. Бір ғұлама айтқан екен: «Уақыт өтіп жатқан жоқ, адамдар өтіп жатыр» деп. Өтіп жатса шынында да адамдар өтіп жатқан сияқты... Олай деу себебім адам табиғатында шыдамсыз. «Ұйқы арсыз, тамақ арсыз және күлкі арсыз»  деп қазақ қалай тауып айтқан десеңізші!?

Иә, сонымен әңгіме адамдар жайлы, адамгершілік жайлы. Табиғат ана адамға көп нәрселерді сыйлады. Ойлау қабылетін, білім алуды, жақсылық жасауды тағы басқа да мүмкіншіліктерді берді. Адам соны дұрыс қолданып жүр ме? Себебі бұл сыйлар дұрыс қолданылмаса адам адам бола ма? Әрине жоқ.

Осыдан өлім неге керек, жалпы ол керек пе деген ойға келдім. Қазақ айтады: «Өлімнен басқаның бәрінің ертесі жақсы». Бірақ ерте ме кешпе өлім келеді. Оны көп айтып жатпайын. Қазақ барғанда жаназа шығару кезінде кейбір молдалар ұзағынан-ұзақ уағыз айтамын деп әбден шаршатқан да болар. Сондықтан нақты айтарымды баяндайын.

Адам табиғатында сабырсыз. Соны тағы бір рет байқадым. Байқадым да налыдым. Себебі көз жұмған марқұмды соңғы сапарына шығарып салуға арналған бір сағат уақытқа жиналған көпшіліктің ішінде біраз адам шыдамады. Кейде «ана бір кісі қайтыс болыпты, соның үйіне барып көрініп кетейік» деген сөздерді де естіп қалуымыздың себебі де осында ма деп қалдым. Солай емес пе?

Бұл не, өмірдің мәні туралы ойланбау ма, әлде...

Сонымен жиналған жұртшылықтың бәрі көңіл айтуға келе жатқанда түрлері қайғырғандай көрінеді. Бәрі өтірік деп айта алмаймын. Марқұмның әулетіне көңіл білдіріп сүйек шыққанша байыз таппай кететіндерді көріп жағамды ұстағандай болдым. Бір-бірімен ашықтан ашық күле сөйлесіп тұрғандар. Өткен жылы бір атақты ғалым қайтыс болды. Бала-шағасы үлкен бір орында тамақ берді. Тағы да сол, бірін бірі көптен бері көрмегендер, сағыныса құшақтасып жатты. Ол ол ма телефондарын суырып алып бірге суретке түсіргенін қайтерсіз!?

Тағы бір жаназа боларда үйдің алдында тұрған сәкіге өзім танымайтын адамдармен қатар отырдым. Сонда бір кісі жақында қызын ұзатқанын, қай жермен құда болғанын, құдаларын қалай шақырып нендей сый-сияпат жасағанын, түгін қалдырмай жіпке тізгендей айтып жатты. Өзі мәз, тойда отырғандай көпіреді.

Тағы бірде жаназа шығаратын молда бір қоңырау шалып жіберейінші деп телефонымды сұрады. Бердім. Молдекең телефонмен сөйлесуге сәл арырақ кетті. Онысын түсінуге болады. Сонымен біршама күттім, оның әңгімесі таусылатын емес. Естіген құлақта жазық жоқ дегендей, естімейін десем де молданың айтқанын естіп таң қалдым! Молда  менің телефоныммен өзінің кішкентай немересіне хабарласыпты. Онысымен қоймай, немересімен орыс тілінде шүлдірлегенін қайтерсің!?

Біраздан соң ауланы қойып бақтың ішіне кіріп кетіп, отыратын жерді ыңғайлап алып сөйлесуге кірісті. Сонымен менің телефонымдағы бірліктердің бәрі таусылғанша сөйлесе берер ме еді, үйден бір жігіт шығып жаназа шығаратын уақыт болды, деп шақырмағанда.

Бұндай жерлерде түрлі тақырыптар туралы, мысалы саясат туралы сөз бастап жататындар да кездесіп қалады. Осындай жерде ондай сөзшеңдерге бұның дұрыс емес дейтін ақсақалдар табыла бермейтіні қынжыларлық. Кейбірде реті келгенде бірнеше рет жай ғана ескерту жасадым. Әрине бұным ондайларға жақпайды. Сонда да болса біраз уақыт үндемей отырады.

Кейбір замандастарымыздың осынысы дұрыс па? Олардың бұл қылықтарын көрген жастар не ойлайды? Ертең олардың да қаза болған жерге барып бей-берекет күліп тұрмасына кім кепіл?!

Адамдар не болып бара жатыр, қазаға жиналған аз ғана уақытта өмір туралы ойланса қайтеді? Әлде кейбіреулер «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген аталар сөзін ұмытып кеткен бе? Бір-екі сағат шамасында өмірдің мағынасы, жарық дүниеде жасаған, жасайтын істер, өмірде кеткен кемшіліктер туралы, осы күнге дейін қалай өмір сүрдім, енді қалай өмір сүремін деп ойласа дұрыс емес пе?

Сіздер қалай ойлайсыздар?

 

                                                                                                                          Бердалы ОСПАН.

                                                                                                       «Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер