Алматыда домбыра күні қалай аталып өтті?

576
Adyrna.kz Telegram
almaty.tv
almaty.tv

Домбыра күнінде ұлттың үнін асқақтатқан «Алатау» дәстүрлі өнер театры Арбат бойымен көпті әнге елітті, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шәмшіден бастап, халық әндерін насихаттаған өнерпаздар «Қала жұртына мерекелік көңіл күй тарту еткіміз келді» дейді.

– «Алатау» дәстүрлі өнер театры шын жүректен ұлттық домбыра күнімен құттықтайды, – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Дәулет Әріпов.

Көше бойымен ән шырқап өткен көшке қошемет көрсеткендер көп болды. Қала жұрты әнге қосылып, би билеп, көрерменді құттықтаудан да қалыс қалған жоқ.

– Біздің мәдениетіміз, елдің ұлттық құндылығы дәріптеліп жатқанына қуаныштымын.  Қазақтың патриоты ретінде «осындай ғажап мерекелер жалғасын таба берсін» деп тілеймін. Бүгін Алматы да  керемет болып тұр. Баршаңызға мереке құтты болсын!

– Тараздан келдім. Бүгін Арбатқа қыдырып шығып едік, керемет кешке куә болдық. Шәмшінің, қазақтың әндерін тыңдап, марқайып тұрмын.

Көш діттеген орнына жеткен тұста Абай алаңында басқа мерекелік іс-шара басталды. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттің де көрермені көп. Айтылған ән, шертілген күйден бөлек, мұнда шеберлерді марапаттау, қолөнершілерді қолдау да ұмытылмады.

– Қазақ елін домбыра күнімен құттықтаймын. Нағыз қазақ – домбыра. Сондықтан бұл күнді жыл сайын ұмытпай, жоғары деңгейде тойлап жатырмыз. Жылда жалғаса берсін, – дейді әнші Ғазизхан Шекербеков.

– Қазақтың екінші аты домбыра ғой. Қазақтың қанына сіңіп кеткен домбыра үні ешқашан өшпеуі керек. Біз шынында да қуаныштымыз, – деді әнші Райым Уайыс.

Ұлттық домбыра күні кеше Алматы аудандарының бәрінде атап өтілді. Домбырашылар флешмобынан бастап, қолөнершілер көрмесіне дейін көпке ұсынылған мереке Қазақстанда 2018 жылдан бастап дәстүрлі аталып келеді.

Пікірлер