"Бар базарлық - балаларға!" Лагерьден тышқанның уы, бос бөтелке, пневматикалық қару табылды

1669
Adyrna.kz Telegram
Прокуратура Ақмола облысындағы балалар лагерін тексеріп жатыр. Тексерістің әне-міне дегенше алдын ала нәтижелері де жарияланды. Қадағалау барысында балалар лагерінде санитарлық-эпидемиологиялық заңнама, өрт қауіпсіздігі, еңбек, білім беру, медициналық заңнама және т.б. талаптардың бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ақмола облысы прокуратурасының 1 тамыз күні тексеріс нәтижесін хабарлады. Бас прокурордың тапсырмасы бойынша балаларды сауықтыру орталықтары мен лагерьлерге кешенді тексерулер жүргізген. Тексеру нәтижесінің көңіл көншітпейтіні айтылды.и

Алдымен, балаларды сауықтыру орталықтарының бірінде 21 қызметкердің 18-і жұмысқа еңбек шартынсыз және санитарлық кітапшасыз алынғаны анықталды. Кейіннен, лагерь талабына сай 100 баланың орнына 170 бала қабылданғаны белгілі болды. Үшіншіден, кейбір сауықтыру орталықтарының әкімшілігі балаларды шомылуға тыйым салынған орындарға нұсқаушысыз апарғаны мәлімделді.

Сонымен қатар,  Ақмола облысының прокуратурасы балаларды сауықтыру орталықтарынан спирттік ішімдіктердің бос бөтелкелерін, шылым қораптарын, пневматикалық қару тапқан.

"Балаларды сауықтыру орталықтарының аумағы мен үй-жайларын тексеру кезінде спирттік ішімдіктердің бос бөтелкелері, темекі қораптары, құрамында спирті бар сусындарды өндіруге арналған аппарат, пневматикалық қару, балалар лагерінің ас үй аймағында сақталған тышқанның уы және басқа да тыйым салынған заттар табылды", – делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Қадағалаушы орган қазіргі уақытта әлі де тексеру іс-шаралары жүріп жатқанын айтты. Тексеру қорытындысына сай  және арнайы шара қабылданатынын мәлімдеді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер