Гүлжан Ерғалиева Жақияновтың қадамын автократтың ісі деп бағалады

2708
Adyrna.kz Telegram

Белгілі саясаткер Ғалымжан Жақияновтың "Адырна" ұлттық порталына сотқа дейінгі шағым жолдап, кәсіпкер Төлен Тоқтасыновпен болған сұхбатты порталдың ютуб арнасынан алып тастауды, сонымен қатар 1 000 000 теңге моральдік шығын төлеуді талап етіп отырғанын хабарлағанбыз. Соған орай, белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева facebook-тегі парақшасында өз ойын жазып, Жақияновтың қадамын автократтың ісі ретінде бағалады, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазақтың Хамит Ерғалиевтай арқалы ақынының қызы, еркін ойлы журналист Гүлжан Ерғалиеваның жазбасын қазақ тіліне аударып, назарларыңызға ұсынамыз.

"Жақиянов журналистермен соттасып жатыр... Бұрын соңды болмаған өзгеше қадам. Бұл туралы жазбаны "Адырна" ұлттық порталынан көріп, тақырыпқа қызығушылығым артты.

Қаңтар айында аталған портал Төлен Тоқтасынов атты азаматтан сұхбат алыпты, ол сұхбатқа Тоқтасынов пен Ғалымжан Жақиянов арасындағы бизнес кикілжіңдері өзек болған. Бұрынғы дос-серіктестердің бұған қалай жеткені өз алдына жеке әңгіме. Байқауымша, бұл кикілжіңнен керосиннің иісі шығып тұрғандай. "№1 демократ" саналатын, өзінің манифесі, мемлекеттегі сөз бостандығы үшін 7 жыл түрмеде отырғандай көрінетін Жақиянов жас тілшіні сотқа берсе, ол іс жүзінде әдеттегі автократқа айналып шыға келетіні анық. Қызығы ол екінші тарапты сөйлетіп, интервью алған тілшіні «жала жаптың» деп айыптап отыр.

Шын мәнінде, журналист жала жауып отырған жоқ, Ол тек тақырыпты толық қамту үшін сұрақтар қойған. Бұл - оның жұмысы. Алайда "қазақтың Манделласы" өзінің заңгері арқылы аталған сұхбатты порталдан алып тастап, кешірім сұрап, ол аз болса, өтемақы ретінде 1 000 000 теңге төлеуді талап етіпті. Бұл сіздердің естеріңізге нені салады? Маған тәуелсіз басылымдардың үнін өшіріп, сөз бостандығын шектейтін Хунбейбин дәуірі мен Назарбаев машинасын есіме түсірді.

Жақияновтың журналистерден сұрап отырған басты талабы не? Оның ойынша, (тек құлап қала көрмеңіз) журналистер сұхбат алып, халыққа оны таратпас бұрын "жәбірленуші тарап" саналатын Жақияновқа сұхбаттың мазмұнын көрсетіп, ол жердегі айтылған фактілердің шынайылығына көз жеткізіп алуы керек екен. Мұны жай адам емес, Жақияновтың заңгері жазып отыр. Егер мен Назарбаев туралы білгір бір адамнан сұхбат алсам, оны жарияламас бұрын Назарбаевқа көрсетіп, сұхбатта айтылған жайлардың шындыққа сәйкес келіп-келмейтінін анықтап отыруға тиіс екенмін. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда мұндай талап мүлдем жоқ, болуы да мүмкін емес. Қазақстан тарихында сотты болған журналистердің талай ісін көрдім. Бірақ, мұндай абсурд болуы мүмкін екенін тіпті елестете алмай отырмын.

Кешегі "ар-ұждан тұтқыны" атанған азаматтың қысымына ұшыраған тілшілерге біздің құқыққорғаушылар мен кәсіби журналистердің көмегі ауадай қажет деп ойлаймын. Бұл жайтқа еліміздегі әділдік жолында күресіп жүрген журналистер, "Әділ сөз" қоры, басқа да кәсіптік ұйымдар назар салса деймін. Сонымен қатар, порталдың журналистері "оппозицияның аңызына" айналған Жақияновтың алдында бас игісі келмей отырғанын байқадым. Сол үшін де оларды құрметтеп, өз сәлемімді жолдағым келеді.

Бұған дейін, 2023 жылдың 2-қаңтары күні “Адырна” ұлттық порталының Ютуб арнасында "Ғалымжан Жақияновқа сеніп едім" деген тақырыппен кәсіпкер Тоқтасынов Төлен Мұхамедиұлының сұхбаты жарияланған болатын.

Сондай-ақ, осыған дейін Жақияновтың жағдайына қатысты жай-жапсар баяндалған мақала сайтымызға шықты. 

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер