Білім грантын тағайындау комиссиясы өз жұмысын аяқтады

1947
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Бұл туралы Ғылым және жоғары бiлiм министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға 94 мыңнан астам өтінім берілді. Талапкерлердің басым бөлігінің таңдауы «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттарындағы мамандықтарға түскен.

Конкурстық ірiктеудiң қорытындысы Ғылым және жоғары бiлiм министрлiгiнің интернет ресурсында, t.me/gylym_jogary_bilim телеграм арнасында және ведомствоның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында 10 тамызға дейін жарияланады.

Ал жоғары оқу орындарына құжаттарды қабылдау 25 тамызда аяқталады.

«Комиссия құрамындағы білікті де кәсіби әлеуеті жоғары түрлі сала сарапшылары табанды еңбек етіп, ауқымды жұмыс жасай білді. Осы ретте айта кетсек, биылғы комиссия сапында Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен бiлiм саласы кәсiподақтарының жетекшілері және «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының, жоғарғы оқу орындары қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.

Енді талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде білім беру гранттары тағайындалатын болады»,—деді министр.

Пікірлер