Елордалық әйел полицей суға батқан баланы құтқарды

2089
Adyrna.kz Telegram

Астаналық полицей әйел суға батып бара жатқан баланы бассейннен алып шығып, өмірін құтқарды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

«Оқиға елордадағы қоғамдық бассейндердің бірінде болды. Бейнебақылау камерасына адам өмірін сақтап қалған әсерлі оқиға түсіп қалды. Кадрда құтқарушының су астында ес-түссіз жатқан баланы қалай алып шыққаны көрсетілген. Құтқарушы әйел адам шебер қимылдарымен жүрек-өкпе реанимациясын жасап, балаға қайта тыныс алуға көмектеседі. Жедел жәрдем келгеннен кейін бассейн қызметкерлері кәмелетке толмаған баланы дәрігерлерге тапсырды», - делінген таратқан хабарламада.

Сондай-ақ кәмелет жасына жетпеген баланың өмірін сақтап қалуға ат салысқандарға ата-анасы  алғыстарын білдірді.

«Белгілі болғандай, бірден алғашқы медициналық көмек көрсеткен әйел Есіл аудандық ішкі істер бөлімінде анықтаушы болып жұмыс істейтін Назым Шәріпова екен. Сол күні ол отбасымен демалыста болған. Оның айтуынша, құтқарылу сәті балаға зиян келтірмеу үшін ерекше күтімді қажет етеді. Бұл оқиға төтенше жағдайдың алдын алу мен адамдардың өмірін сақтап қалу әрекеті екенін еске салатын маңызды оқиға болды. Назым Шәріпова қазақстандық полицейлердің жақсы дайындығын және қиын жағдайларда әрекет ету қабілетін көрсетті», - делінген хабарламада.

Атап өткендей, қазір баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Пікірлер