“Өркениеттен ада қалған”. Еламан ауылы ауыз суға зәру

2027
Adyrna.kz Telegram
Фото: Facebook
Фото: Facebook

Алматы облысы Талғар ауданы Қайнар ауылдық округі ауыз суға зар болып отыр. “Еламан ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы" жобасын тендерден ұтып алып, жұмысты бастап, аяқсыз тастап кеткен "Дәнекер" компаниясын ел де, құзырлы орындар да іздеп жүр. Бұл туралы желі белсендісі Жанбота Сұлтанмұратқызы Facebook парақшасына жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Ел аман, жұрт тынышта ауыз су азабын тартып, кенезесі кепкен Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарасты Еламан ауылы тұрғындарының мұңы бір басына жетерлік. Өркениет ғасырында ғаламдық жетістіктерді былай қойып, күнделікті қолданатын қанып ішер қара судың азабын тартқаны аздай, қара жолға да жарымай отыр. Интернетттің өзіне енді ғана қолы жеткен ауыл жұрты балабақшамыз, ең болмаса фельдшерлік пунктіміз болса деп армандайды. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» күйін кешкен жұрттың мұңын тыңдап қайттық. Өйткені ұрпағының ертеңіне алаңдаулы халық басы ауырып, балтыры сыздаса да Жалқамысқа жол тартып, сондағы амбулаторияны жағалауға мәжбүр. Жаның шығып кетпесе болғаны деп әзілдейтін тұрғындар  ауыра қалса бір-біріне екпе салып, тамырына ине қойып машықтанып алғанын естігенде амалсыздың күніне таң қалмадық. Бүкіл ауыл тұрғындарын қарайтын жалғыз фельдшер Асанова Дидар Асанованың да отыратын тұрақты орны жоқ. Күн ұзаққа кім шақырады, соған барып, дәрі-дәрмегін арқалап, ауыл ішін жаяу аралайды. Ал ауыл әкімінің орынбасары берген ақпар бойынша, ауылда 1126 адам ресми тіркелген, 229 отбасы бар. Егер тіркелмегендерді қоосаңыз, бұл көрсеткіш 2 есеге артуы мүмкін. Осынша халқы бар ауылдың осындай мүшкіл халге жетуіне кім кінәлі?

Ауылды аралап жүріп тілдескен тұрғындардың арасында " өз үйімде су бар, басқасында шаруам жоқ» дегендерге қарап, «Басы ауырмағанның Құдайменен ісі жоқ» деген рас екен-ау деп таң қалдық. Ал сусыз отырған әсіресе жаңа құрылыс жағының халқы ауыз суды амалдап, кейбірі үйінің қасынан құдық қаздырып алса, кейбірі «Елде бар ерінге тиеді» дегендей, суы бар көршісіне күні қарап отыр. Бір айта кеткерлігі, ескі су құбырынан су ішіп отырғандар да, өздері қаздырып, сорғы арқылы су алып отырғандардың да ішіп отырған сулары ауыз су талаптарына мүлде сай келмейді. Ескіден лай су ішіп отырған жұртың қарасы 100 шақты шаңырақ болса, өз бетінше амалдап отырғандардың дені ішуге жарамсыз тұзды суды «Жоқтан жоғары» көріп отырған жайы бар. Ал "Еламан ауылын сумен жабдықтау жүйесінің ұұрылысы" жобасын тіндерден ұтып алып, жұмысты бастап, аяқсыз тастап кеткен "Дәнекер" компаниясын ел де, құзырлы орындар да "итпен іздеп" таппай жүр”, деп жазды Жанбота.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындары электр қуаты да жеткіліксіз екенін айтып, шағымданған.

“Тұрмыстық техниканың жетістіктерін де пайдалана алмайтынын айтқан тұрғындар оның себебін ауылдағы ток көзі қуатының аздығымен түсіндіреді. Тіпті суы бар үйлердің өзі кір жуатын машинамызды қоса алмай, пұшайман боламыз дегенді алға тартады. Ауыл ішіндегі асфальтталмаған жолдардың ақ шаңы аспанға көтіріліп жатқандықтан күнделікті кір жуғаннан жалыққандарын айтқан әйелдер қауымы енді сабақ  басталса жуатын кірлерінің де екі есе көбейетініне налиды. Қабақтарына кірбің түсірген жуатын кір емес, оны жуатын судың жоқтығы мен қолындағы бар кір машинасын қосатын токтың жеткіліксіздігі. Оған ауылдың аспанын алып кететін ақ шаңды қосыңыз. Құдды бір өркениеттен ада қалған мұхит арасындағы арал дерсің”, - деп халықтың мұңымен бөлісті.

Пікірлер