Журналист өміріне төнген қауіп. “Сүлейменшілердің” әрекеті

8607
Adyrna.kz Telegram

90-нан астам пансионаты бар қайырымдылық қорын зерттеген журналист тың деректермен бөлісті, деп хабарлайды “Адырна” порталы Almaty.tv тілшісіне сілтеп.

Журналист Асқарбек Қазанғап «сүлейменшілер» туралы ашық зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ал кейіннен оларға қатысты бағдарламадан кейін кибершабуыл үдей түскенін айтады. Мамыр айында жарық көрген бағдарламадан кейін оның телефонына түрлі қорқыту-үркіту сынды сөздер келген.

Журналист сөзінше, басы дауға қалған қайырымдылық қорының сойылын соққандар өзін балағаттап, қорқытып, жалған жаламен сотқа беріп үлгерген.

«Айтамыз» ток-шоуының жүргізушісі бағдарламада пансионат тәрбиеленушісінің, дінтанушылар мен мүфтият өкілдерінің басын қосып, қайырымдылық қоры мен «сүлейменшілер» жамағаты туралы тақырыпты ашық талқылаған. Бағдарламаға шу шыққан мекеменің өкілдері де шақырылады. Алайда мекеме өкілдері түсірілім күні келмейтінін хабарлап, пікірталастан бас тартқан көрінеді.

 «Жібек Жолының» ақпарат бөлімінің басшысына шыққан кезде,
2-3 күн бұрын бағдарламаның түсірілетінін ескерттім. «Ертең «неге айтпадыңдар, неге хабарласпадыңдар?" деп бағдарламаны жоққа шығарудың қажеті жоқ. Айтарыңыз болса, бағдарламаға келіңіздер, пікіріңізді мамандарға айтыңдар, ақ-қарасын сол жерде ара-жігін ажыратайық» деп телефонмен байланыстым. Алайда олар ток-шоу болатын күні келе алмайтынын айтты.  Себебін түсіндіре алмады», – деді журналист Асқарбек Қазанғап

Оның айтуынша, мекеме жақтастары пансионат ішіндегі жасырын әрекеттерді жасырмай айтқан тәрбиеленушінің ойын өзгертіп, өзіне қарсы қойып үлгерген. Бірақ бұл әрекет журналист зерттеуіне еш кедергісін келтірмеген. Себебі Асқарбек Қазанғаптың қолында барлық дәлел болған. Полиция департаменті қайырымдылық қорына қатысты қылмыстық іс қозғағалы ақпарат беттерінде «сүлейменшілер» туралы жазба да көбейген.

Құзырлы орган дерегінше, қайырымдылық қорына қарайтын мұндай пансионаттар тек Алматыда ғана емес. Елдің бірқатар өзге өңірінде де кездеседі. Жалпы саны 90-нан асады. Бұған дейін олар мүфтиятпен меморандум жасасу арқылы жұмыс істеп келген. Соның аясында діни оқуларды басқарма бекіткен имамдар арқылы өткізуге міндеттелген екен. Алайда ҚМДБ өкілдері хабарлағандай, қайырымдылық мекемесі үй ішінен үй тігіп, келісімді сақтамаған. Заң бұзылғаны анықталғаннан кейін, меморандумның күші жойылған.

Бүгінде балалар пансионатының атын жамылып жұмыс істейтін қайырымдылық мекемелерге қатысты қылмыстық іс тергеуде. Олар кәмелетке толмаған баланы өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі және басқа да қылмыс жасады деген күдікке алынып отырғанын айта кетейік. Бұған дейін құзырлы орган өкілдері тексеру кезінде оқиға орнынан «Қазақстанда экстремистік деп танылған және таратуға тыйым салынған материалдар табылғанын да» хабарлаған болатын.

Пікірлер