Депутаттар көпбалалы аналарға үй беретін заң жобасын мақұлдады

1692
Adyrna.kz Telegram

Көпбалалы отбасылар баспана алу үшін жеке кезекке тұрады

Бүгін мәжіліс көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналарға бірінші кезекте баспана алу құқығын беретін заң жобасын мақұлдап, сенатқа жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Шавхат Өтемісовтің айтуынша, заң жобасына сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй ұғымы енгізілген. Бұл табысы төмен халықтың әлеуметтік осал тобына арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мүмкіндік береді.

Көпбалалы отбасылар кезекке тұрады

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе "Батыр ана", сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі ана даңқы атағын алған көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезектілік енгізу көзделіп отыр", - деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 31 725 көпбалалы отбасы кезекте тұр. Көпбалалы отбасыларды жалға берілетін баспанамен қамту үшін "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінбек. Нәтижесінде жылына кемінде 6 мың пәтер салынады.

Жастарды баспанамен қамту

Сонымен қатар, заң жобасында жұмыс істейтін жастарды қолжетімді баспанамен қамту мәселесі қаралған.

"Нұрлы жер" аясында 2019-2025 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында еңбек ететін жастар үшін жыл сайын кемінде бір мың жалға берілетін баспана салу жоспарланып отыр. Жұмыс істейтін жастар үшін бұл жақсы мүмкіндік", - деді Өтемісов.

Депутат тұрғын үй қатынастары туралы заң жобасы көпбалалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, әл-ауқатын және өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал ететінін тілге тиек етті.

Мәжіліс заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдады.

Sputnik

Пікірлер