Қайырымдылық мекемелерінің пансионатарында жүрген балаларға не үйретіледі?

3902
Adyrna.kz Telegram

Соңғы уақыттарда БАҚ бетінде қызу талқыланатын мәселелердің бірі – Қазақстандағы "сүлейменiші" діни ағымы жайлы тақырыптар.

Көптеген ақпаратқа сәйкес, аталмыш ағым өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында Түркия жерінде пайда болған. Қазір оның күллі әлемде филиалдары бар. Дегенмен бұл филиалдар қайырымдылық мекемелері, балалар пансионаттары ретінде тіркелген. Олардың діни бағыты, ішкі саясаты ресми түрде жарнамаланбайды.

Ақпарат кеңістігінде "сүлейменшілердің" өз қызметін Қазақстан аумағында да белсенді жүзеге асырып жатқаны туралы түрлі деректер жетерлік.

"Сүлейменшілер" басқа елдердегідей Қазақстанда да қайырымдылық мекемелері ретінде төбе көрсетіп, жасырын түрде діттеген мақсатына қол созып жатыр.
Теологтар мен дін саласы сарапшылары "сүлейменшілерге" тән діни ағымның ерекшеліктері туралы бірнеше рет айтқан.

Олардың діни ағымындағы негізгі айырмашылықтарының бірі – өмірден өткен ұстаздары Сүлейман Хилми Тунаханмен «байланыс жасауы». Олар Сүлейман Хилми Тунаханды рухани жетекші ретінде санап, арнайы «рабыта» ұғымын қолданады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Елібек Тасболаттың айтуынша, "сүлейменшілердің" және бір басты өзгешелігі бар. Олар Сүлеймен Хилми Тунаханның "махди", ал Осман және түрік мемлекетінің саяси қайраткері Мұстафа Кемал Ататүрікті "дәжжәл" (Антихрист) деп санайды.

Әрине, осының бәрін ескере отырып көкейде "бұл діни ағым өкілдерінің пансионаттағы өз оқушыларына не үйретеді" деген орынды сұрақ туындайды.

Біріншіден, олар аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың пансионаттарда тегін тұрып, күніне бес рет тамақтанатынын айтады. Ал мұндай аса үлкен шығындар кімнің тарапынан қаржыландырылады?

Өз аты-жөнін құпия сақтауды сұраған «сүлейменшілер» ұйымының бұрынғы тәрбиеленушісі бір мәселенің шетін шығарады. Ол мекеме өкілдерінің медреседе білім алушыларды «қайыр тілеуге» үгіттеп, қайырымдылық есебінде базарларға шығартатынын айтады. Кейде пансионаттардың басшылығы демеушілер мен кәсіпкерлерді шақырып, "медреседе" оқитын балаларды көрсеткен болып, шынтуайтында оларды қаржылық көмек сұрау үшін шақыратынын мәлімдеді. Осыдан кейін біз мұндай "жомарт демеушілерден" қаржылық көмек алу үшін балаларды пайдалана ма деген ойға қаламыз.

Екіншіден, олар пансионат қабырғасында оқитын балалардың бойында патриотизм мен отансүйгіштік сезімінің қалыптасатынын алға тартады, сонымен қатар оқу үлгерімінің артатынын сөз етеді. Яғни, олар ешқандай лицензиясы болмаса да, білім беру мекемелері ретінде балаларды оқытады.

Сонымен қатар, Алматы қалалық полиция департаменті балалар пансионатының атын жамылып жұмыс істейтін қайырымдылық мекемелерін кәмелетке толмағанды ​​өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі және басқа да қылмыстарды жасады деген күдікпен қылмыстық істі тергеп жатыр. Мекемелерге жүргізілген тінту барысында шетелдік діни әдебиеттер мен оқу материалдары табылды. Оның ішінде Қазақстанда экстремистік деп танылған және таратуға тыйым салынған материалдардың бар екендігі расталды.
Кейбір пансионаттарда қалғандардың айтуынша, олар үздіксіз құлшылық етуге мәжбүр болған. Одан бас тартқан жағдайда тәлімгерлерге күш қолданған.
Сонда бұл өзі "медресе ме" әлде "білім беру орталығы" ма? Мейлі, тіпті, екі бағытты қатар ұстанған күннің өзінде білім беру ісімен әрі діни қызметпен айналысуға құқықтары бар ма?

Тіпті, олар әлі де медресе болған күннің өзінде, онда неге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай мекемелер жайлы халыққа хабарламайды не ұсынбайды?

Логикалық пайымдауларға сәйкес, егер діни ұйым жасырын әрекет етсе, онда деструктивті сипатқа ие болуы мүмкін. Өйткені құлшылық жасамағаны үшін балаларды қауіпті әрі жалған діни ұйымның өкілі ғана ұра алады. Ал бала бойындағы патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік мұндай әрекеттермен ұштаса ма? Сұрақ өте көп, бірақ жауап аз.

Үшіншіден, егер олар шын мәнінде «аз қамтылғандарға көмектесетін ұйым» болса, онда неге өз ток-шоуында балалардың "пансионаттарда" қалу жайын егжей-тегжейлі талқылаған журналист Асқарбек Қазанғапқа шүйлікті? Неге журналиске "сүлейменші" ағымының жақтастары қоқан-лоқы көрсетті?

Журналистің өзі оларды ток-шоудың қонағы болуға және барлық мәселелерді ашық талқылауға шақырғанын айтты. Алайда олар түсірілім күні еш себепсіз эфирге қатысудан бас тартқан.

Жоғарыда айтылғандарды талдай отырып, «сүлейменші» діни ұйымдарының деструктивті белгілері бар екендігін байқауға және қоғамға жаңа қауіп төндіруі мүмкін деп болжауға болады.

Пікірлер