Балабақшағы жүгенсіздік. Қоғам белсендісі жазықсыз жапа шеккен бала тағдырын баяндады

1489
Adyrna.kz Telegram

Қоғам белсендісі Тұрар Сәттарқызы балабақшада болған оқыс оқиғаны сипаттап, бала тағдырына "жүрдім-бардым" қарайтындарды сынға алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

- Өткенде Түркістанда өткен республикалық тамыз кеңесінің секциялық жұмысында сөз сөйлегеннен кейін дәлізге шықсам, бір ер-азамат келіп “Менің атым Нұрғали, осында тұрамын, жазда оқыс оқиға орын алып, қарындасымның кішкентай қызы Айзеренің денсаулығына зиян келді. Жергілікті құқық қорғау органына арыздандық. Іс қозғамады. Сізді жаңа сөйлеген кезде байқадым. Бізге көмек бере алады деп ойладым. Көмектессіңізші” деді, - деп оқиғаны баяндауды бастады қоғам белсендісі.

Кейіннен балабақшада болған оқиғаны баяндап, жауапсыздықты сынға алды:

- 3 жасқа толмаған Аман Айзере Түркістан қаласындағы N1 “Інжу-Дамира” жекеменшік бөбекжайына барыпты. Бөбекжайдың ұсынған қызметіне балаларды үйге тасымалдау да кіреді екен.

2023 жылы 24 маусымда “Nissan” көлігімен баланы үйге әкеле жатқан уақытта көлік жүргізушісі бағдаршамда тежегішті шұғыл басқан кезде бала көліктен ұшып кетіп, қатты жарақат алған.

Баланы әкеле жатқан, бөбекжай қызметкерлерінің салғырттығынан осындай оқиға орын алғанына қарамастан, олар жарақат алған сәбиге жедел жәрдем шақырмаған.

Тіпті Айзеренің денсаулық жағдайына да қарамастан, үйге әкеп, оны кәмелеттік жасқа толмаған ағасының қолына беріп, ата-анасына жолықпай кетіп қалған. Жол-көлік оқиғасы орын алған уақытта көлікте жүргізуші мен балаларды көлікпен тасымалдауға жауапты тәрбиеші болған. Олар көлік терезесінің ашық екенін бақыламаған, - деп жазды автор.

Қоғам белсендісінің айтуынша, Айзеренің ісіне келгенде құқық қорғау өкілдері де "салқынқандылық" танытқан.

- Айзеренің ата-анасы жедел-жәрдем шақырып, бала медициналық мекеменің реанимация бөліміне жатқызылған. Әрі-қарай құқық қорғау органдарына және қалалық білім беру органдарына арызданса, көлік жүргізушісін 10 АЕК айыппұл салған. Қанша арызданса да, іс осымен тоқтаған. Кішкентай Айзеренің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген оқиға орын алса да, жергілікті құқық қорғау органы мен білім беру органының бұл әрекеті миға сыймайды екен, - деп ашынды автор.

Кейіннен бұл оқиғаның заң тұрғысынан шешілуіне араласқаны жайлы сөз қозғап:

- Астанаға келгеннен кейін бірден ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваға хабарласып, осы оқиғаға назар аударып, көмек беруін сұрадым. Бүгін Динара Болатқызына тағы хабарласып, Айзеренің ісіне қатысты не болып жатқанын сұрап едім. Ол бірден қолға алып, Айзеренің нағашысымен, анасымен хабарласып, осы оқиғаға байланысты барлық құжаттарды жинап, ҚР Бас прокуратурасына, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне арызданғанын және бақылауында ұстайтынын айтты. Және қыз баланың денсаулығын тексерту үшін Шымкент қаласындағы Нұрсаттағы емханаға жолдама берілгенін, сол жерде медициналық талдамалар жасалып, әрі қарай емделетінін айтты. Ал баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, оған медициналық көмек көрсетпей, жедел жәрдем шақырмай, салғырттық танытып, кетіп қалған, жүрексіз жандар заң аясында жазаланады деген үміттемін, - деді Тұрар Сәттарқызы.

Сонымен қатар, қоғам белсендісі бұл іс Бала құқығы жөніндегі уәкіл қарауында екенін жеткізді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер