Қазақстанда АҚШ сауда министрлігінің сайты бұғатталды

1232
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Қазақстанда АҚШ сауда министрлігінің өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросының сайты бұғатталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, фишингпен күрес аясында бұғатталған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сайт бірнеше күннен бері жұмыс істемей тұр.

Айта кетсек, бұған дейін сайт АҚШ Армения, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдеріндегі елуден астам компанияға шектеу қойғаны туралы ақпарат жариялаған болатын. Оны басқа ақпарат құралдары көшірді. Америка билігінің айтуынша, тізімге енген компаниялар Ресейдің «әскери-қорғаныс кешеніне қолдау көрсеткендер». Біраз уақыттан кейін Қазақстанға АҚШ қазынашылық хатшысының көмекшісі Элизабет Розенберг, сауда министрінің көмекшісі Мэттью Акселрод және Ұлыбританияның санкциялар бюросының директоры Дэвид Ридтің келгені туралы ақпарат жарияланды.

25 сәуірде олар Астанада кездесу өткізді. Ұлыбритания мен АҚШ реттеушілері Қазақстанды Ресейге санкцияланған тауарларды жеткізуден сақтандырғысы келді. Әйтпесе, кейбір қазақстандық банктер мен компанияларға санкция салуға уәде берілді. 

Кездесуде АҚШ шенеуніктері Қазақстаннан Ресейге тауарлардың (тұрмыстық техника мен автокөліктердің) қатарлас экспорты туралы бұрыннан білетінін ашық айтты.

Министрліктің хабарлауынша, республиканың ақпараттық алаңына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Осы жұмыс шеңберінде фишингтік интернет-ресурстар анықталып, оларға қатысты "Байланыс туралы" заңның 41-1-бабында белгіленген тәртіппен қол жеткізуді шектеу шаралары жүзеге асырылады.

26 сәуірде 21 фишингтік ресурс, соның ішінде bis.doc.gov сайты бойынша қолжетімділікті шектеу туралы тиісті ескерту дайындалып, орындауға жолданған.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі Қазақстанның Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескені сайттың бұғатталуына себеп болды деген мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді, - деп жазылған хабарламада.

Министрліктегілер басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп bis.doc.gov интернет-ресурсының қызметіндегі заңбұзушылықтарға қосымша тексеру жүргізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Егер заңбұзушылықтар болмаған жағдайда көрсетілген интернет-ресурсты бұғаттауды жою бойынша шаралар қабылдануы мүмкін, - деп мәлімдеді ведомство.

Пікірлер