Украинаның қорғаныс министрі отставкаға кету туралы өтініш берді

1338
Adyrna.kz Telegram

Владимир Зеленский елдің қорғаныс министрлігінің жаңа басшысы қызметіне Рустам Умеровтың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды “Адырна”.

Украинаның қорғаныс министрі Алексей Резников отставкаға кету туралы өтініш берді. Резников бұл туралы X платформасында мәлімдеді.

«Мен Украина Жоғарғы Радасының спикері Руслан Стефанчукқа отставкаға кету туралы өтініш бердім. Соңғы 22 айда Украинаның қазіргі тарихындағы ең қиын кезеңде украин халқы мен ел армиясына қызмет ету мен үшін құрмет болды», - деді Резников өз мәлімдемесінде.

«Ресей уақытша басып алған аумақтардың 50 пайыздан астамы азат етілді. Күн сайын біздің қорғаушылар алға жылжуда», - деді Резников.

Украинаның Лондондағы елшісі болуы мүмкін деген болжам бар Резников негізгі одақтастарымен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуды және «шынайы қауіпсіздік кепілдігін» Киевтің басты басымдылықтарының бірі деп санайтынын айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні елдің қорғаныс министрін ауыстыру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген болатын. Зеленский елге арнаған бейне үндеуінде: «Министрлікке әскермен де, жалпы қоғаммен де қарым-қатынастың жаңа тәсілдері мен басқа да форматтары қажет деп есептеймін»,-деді.

Резниковтың отставкаға кетуі соғыс кезіндегі Украина қорғаныс ведомствосындағы ең үлкен кадрлық ауыс-түйіс болды.

Зеленский Украинаның Мемлекеттік мүлік қорының басшысы Рүстем Умеровты елдің қорғаныс істерін басқаруға шақырды. Умеровтың кандидатурасын Жоғарғы Рада мақұлдауы қажет.

Пікірлер