"Дикий Арман" мен Қайрат Құдайбергеннің ісі сотқа берілді

1376
Adyrna.kz Telegram

Тергеушілер «Дикий Арман» деген атпен танымал кримавторитет Арман Жұмагелдиев пен Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеннің ісін сотқа берді, - деп хабарлайды "Адырна" сайты. 

Қалалық соттың мәліметінше, сотталушылар 2022 жылдың басында Алматыда болған қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікке ілінген. Олардан бөлек сот алдына тағы 40 адам келді. Сотты судья Асхат Әшірбеков жүргізеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Арман Жұмагелдиев шетелден 2021 жылдың желтоқсан айында келген және қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда болған. Ол 2022 жылдың 7 қаңтарында арнайы операция барысында бес адамнан тұратын қылмыстық топпен ұсталды. Күдіктілерден әртүрлі маркалы және калибрлі төрт жартылай автомат, сондай-ақ оларға арналған оқ-дәрілер, қырлы қарулар мен брондалған автокөлік тәркіленді. Осы уақыт бойы Дикий Арман қамауда болды.

Алматы қаласы мәслихатының VII шақырылымының депутаты Қайрат Құдайберген өткен жылдың 22 сәуірінде қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған болатын. Сол күннен бастап ол да қамауда отыр. Құдайберген тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікке ілінген. Алдын ала тергеу оның Жұмагелдиевпен бірге Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде адамдарды жинағанын анықтады. Тергеушілердің айтуынша, Қайрат Құдайберген Дикий Арманның төңірегіне топтасып, оны қолдап, билікке ортақ талаптар қоюға шақырған, сондай-ақ адамдарды 10 адамнан тұратын камераларға бөліп, топтастырудың айрықша белгісі ретінде қолдарына ақ бау байлауды тапсырған.

Пікірлер