Тимур Дәнебаевты азаптап, видеоға түсірген колонияның бұрынғы 11 қызметкері Тоқаевтан көмек сұрайды

5883
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Ақмола облысы Атбасар қаласындағы колонияда отырған азаматтық белсенді Тимур Дәнебаевты азаптап, видеосын желіге таратқан колонияның бұрынғы қызметкерлері Тоқаевтан көмек сұрап, видео жолдады.

6 қыркүйекте Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Тимур Дәнебаевты азаптау оқиғасына қатысты 11 қызметкерді жұмысынан босатқанын хабарлады.

"Жүргізілген қызметтік тергеу нәтижелері бойынша тәртіп комиссиясының шешімімен облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы және оның орынбасары, сондай-ақ колония бастығы атқаратын лауазымдарынан шеттетуге ұсынылды. Сонымен қатар, құқық бұзушылыққа қатысы бар 11 қызметкер ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығаруға ұсынылды" деп жазылған хабарламада.

Дегенмен, қызметінен босағандар Тоқаевтан көмек сұрауда.

Айта кетейік, 3 қыркүйекте Ақмола облысындағы Атбасарда колония қызметкерлері әжетхана жуудан бас тартқан белсенді Тимур Дәнебаевты ұрып-соғып, қинаған видеосы тарады. Видеода колония қызметкері күш қолдануға арнайы құрал қолдануға бұйрық береді. Онда Дәнебаевты жерге жатқызып, қол-аяғын ұстап, дубинкамен ұрғаны көрінеді.

Еске салайық, 38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қаңтар оқиғасы кезінде "елімізге 20 мың террорист шабуыл жасады" деген сөзі үшін жауапқа тартуға талпынған азаматтық белсенді ретінде танылған.

Биыл 15 маусымда Астана соты Тимур Дәнебаевты "Ұлтаралық араздық қоздырды" (174-баптың 1-бөлігі) деп айыптап, үш жылға бостандығынан айырған. 1 тамызда апелляция соты үкімді күшінде қалдырды. Белсендінің адвокаты Ләззат Теміржанова процесті жүргізу тәртібі бұзылғаны туралы келтірген уәждерін сот қабылдамай тастағанын айтқан еді.

Пікірлер