АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: Бетті жауып жүру діннен бөлек, қауіпсіздік шарасына да қатысты деп ойлаймын. Бетін жауып алған адамның кім екенін қайдан білеміз.

1473
Adyrna.kz Telegram
Өзбекстан билігі қоғамдық орындарда бетін бүркемелеп жүруге тыйым салды. Сонымен бірге көпәйелділік мәселесін насихаттауға да заңмен тыйым қойылды. Заңды бұзушылар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалайды.
Біздің елде де солай киінетін жандар кездесіп жатады. Орамал таққан емес, шашын жауып қойған емес, тұтас бетін жауып алғандар бар. Тек көздері ғана жылтырап тұрады, кейде тіпті көзін де бүркемелеп тұратын тормен жауып қояды.
Жалпы бетті тұтас жауып жүру діннен бөлек, қауіпсіздік шарасына да қатысты деп ойлаймын. 2017 жылы Ирактағы ең ірі қаланың бірі Мосулды ДАИШ содырларынан азат ету операциясы басталды. Қаланы содырлар басып алғанға дейін шаһарда 2 млн халық тұрған, кейін оны лаңкестерден азат ету басталғанда қиян-кескі шайқас болды. Сол сәтте қаладан халық босып, қашып жатты. Ирак билігі діни тыйымдарды уақытша ысырып қойып, қаладағы барлық әйел бетін ашып шығуды талап етті, себебі көптеген лаңкестер әйел киімін киіп, бетін бүркемелеп шығуға тырысты.
Қарап тұрсақ бұл қауіпсіздік мәселесіне де келеді. Бетін тұтас жауып алған адамның кім екенін қайдан білеміз. Ол әйел ме, еркек пе, ол мүмкін қашқын шығар, мүмкін қылмыскер болар, мүмкін іздеуде жүрген біреу шығар. Беті ашық болмаса, оны қалай танисың? Сондықтан қауіпсіздік мәселесі тұрғысынан бұл дұрыс шара. Өзбек билігі өз шешімін осылай түсіндіріп жатыр.
Әр азамат бағынуға тиіс мемлекеттің заңдары болады. Қоғамдық ортада жүрудің өз шарттары бар. Үйіңде не істесең, оны істе, бірақ қоғамға шыққанда атеист болсын, агностик болсын, мұсылман яки христиан болсын, буддист немесе басқасы болсын бағынуға тиіс ережелер бар. Ол ережелер қауіпсіздік шараларына мән беріле отырып жасалады, сол жағын ескерген дұрыс.

 

 

 

Пікірлер