"Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес." Діни басқарма "харам" деп шағынатындарға жауап қатты

2534
Adyrna.kz Telegram
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы салт-дәстүрден "жерініп", ұлттық құндылықтарды "харам" атайтындарға ресми түрде жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.  
Ресми жауап: "Әлеуметтік желіде кейбір іні-қарындастарымыздың "домбыра шерту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы - харам" деген мағынада айтқан пікірі қоғамда түсінбеушілік тудыруда"  деп басталады. Кейіннен басқарма өкілдері нақты дерекер келтіруге ойысады:
"Ислам әлеміндегі танымал ғұламалардың бірі де бірегейі Имам әл-Ғазали мен Әбу Ханифа мәзһабының көрнекті ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулусидің көзқарасы бойынша дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған. Ғұлама Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің кітабында: "Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі әуенге байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін әуендерге байланысты болса керек" (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет) деп жазады". Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.

Кейіннен басқарма мамандары "домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу - харам" деген мағынада біржақты, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырғандарды тезге салатын сөз айтады:

"Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз - домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын "домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу - харам" деген мағынада біржақты, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз", - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, соңғы кездері ұлттық құндылықтарға "жауығып", халықтық игіліктерді "арам" есебінде тілдеу кең етек алды. Айта кетсек, әлеуметтік желіде "домбыра - харам" деген орамалдағы қыздың видеосы тараған болатын. Онда ол:

"Ақыретте ұлтымызбен, ұлтшылдығымызбен өтпейміз. Иманымызбен, некемізбен өтеміз. Мен домбыраға 5 жыл қатыстым. Менің домбыра тартқаным YouTube-те жүр. Мектеп кезінде дін туралы білген жоқпын. Күні кешеге дейін домбыра тарттым. Бірақ, домбыра – харам. Жүрекке тиді, кір екенің білінеді", – деп айтады.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері "насихатшыларды" дәлелсіз, дәйексіз елді дүрліктіріп, түсініспеушілік тудырмауға шақырады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер