15 адамды өлтірді деп сотталған Челахтың ісі бойынша бас әскери прокурор пікір білдірді

4550
Adyrna.kz Telegram

Бас әскери прокурор Дастан Секенов өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың өтініштеріне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Секенов Челах жыл сайын халыққа үндеу жасап, жаңа мәліметтерді жариялауға уәде беретінін, бірақ бұл үндеулерде жаңалық жоқ екенін айтты.

«Челахқа қатысты сот үкімі 2012 жылы заңды күшіне енді. Осыдан кейін ол белгіленген тәртіппен Бас прокуратураға, Бас әскери прокуратураға және Жоғарғы сотқа шағымданды. Олар Ешқандай жаңа дәлел келтірмеді. Сондықтан біз бұл өтініштерді қараусыз қалдырдық. Тым болмаса, бұл жағдайда жаңа ештеңе білмейміз», - деп сендірді Дастан Секенов.

Журналистер Челахтың 10 жылдан кейін сот үкімімен неге келісе алмағанын және тергеу органдары істі тергеуде қате жіберуі мүмкіндігі жайлы сұрады.

"Бұл адамның психологиялық ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін. Мұндай миға симайтын жаппай өлтіру адам үшін қалыпты жағдай емес", - деп жауап берді ол.

Бас әскери прокурор Челахтың психологиялық тұрғыдан қаншалықты сау екенін тексеруге қатысты сұраққа, белгіленген тәртіп бар және сотталушы мерзімді түрде тексерілуден өтеді, оның барлық шағымдары құзырлы органдарға жіберіледі деп жауап берді.

Бұған дейін бірқатар БАҚ Владислав Челахтың «Арқанкерген» бекетіндегі 15 адамның өліміне қатысты жағдайды түсіндіруге дайын екенін мәлімдегенін хабарлаған болатын.

Шекарашы болып қызмет еткен қарағандылық Владислав Челах 2012 жылдың желтоқсанында өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Ол 2012 жылы мамырда «Арқанкерген» уақытша шекара заставасында 14 қатардағы жауынгер мен бір инспекторды өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Владислав Челахты жаппай кісі өлтірді деген айып тағылды. Үкім шығарылғаннан кейін құзырлы органдар бірінші сатыдағы сот шешімін өзгерткен жоқ.

Пікірлер