Батыс Қазақстанда төрт жасар баланы ит талады

1702
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысында аулада жүрген төрт жасар ойын баласын ит қапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.  

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі оқыс оқиғаның 12 қыркүйек күні Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында болды.

«Шамамен кешкі сағат 19.00-де аулада ойнап жүрген баланы ит қауып, денесінің бірнеше жерінен жарақат келтірген. Аудандық ауруханаға ата-анасы жеткізген балаға хирург дәрігер шұғыл көмек көрсетіп, антирабиялық вакцина жасалды. Содан кейін жедел Орал қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Күрделі ота жасалған бала ем алуды жалғастыруда», - деп хабарлады ведомстводан.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әліби Төлегеновтің айтуынша, бала екі аталық безі сыртқа шығарылған жарақатын алған. Сондай-ақ ит оның санынан тістеген. Баланың жағдайы орташа ауыр, қалыпты.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, аталған дерек бойынша 13 қыркүйек күні ит иесі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407-2-бабы 1-бөлігіне (үй жануарларын ұстау ережесін бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар иесі сенбернар тұқымдас итін дәрімен өлтіру туралы шағым түсірді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер