Нұрлан Қоянбаев: 6000 теңгеден - 30 млн долларлық индустрия арасы 20 жыл

2030
Adyrna.kz Telegram

Нұрлан Қоянбаев әлеуметтік парақшасында өзінің шығармашылық жолын қалай бастағаны туралы жазбамен бөлісті, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Танымал әзілкеш, тележүргізуші, актер, продюсер Нұрлан Қоянбаев әлем желідегі парақшасында естеліктерін баяндап, жазба қалдырды. Ол қазақ кино индустриясында комедия саласын трендке айналдырғандардың бірі. Өз жазбасында студенттік шағындағы оқиғалармен бөліскен әзілкеш КВН ойнап жүріп, сүрінгенін де жасырмады.

“… мектепті алтынмен бітіріп, КАЗГУ-ге тарихшы, политолог боламын деп оқуға түстім. Болашақта еліміздің идеология саласында қызмет жасаймын деген бала арманым болған.

3 курста Тарих факультетінің намысын қорғаймын деп аяқ асты КВН ойнай бастадым. Бірінші ойында, 6 команданың арасында 6-орын алып, ұтылып қалдық. Намысыма тигені сонша, 2 жылдан кейін қатарынан 2 рет Қазақстанның чемпионы, 17 рет “Үздік ойыншы” атағына ие болдым”,-деді.

Одан кейін Нұрлан Қоянбаевқа 2006 жылы Мәскеудің жоғары лигасында А.В. Масляковтың өзі “Үздік ойыншы” атағын берді.  Оған Мәскеу, Сочи, Юрмала қалаларындағы барлық кубоктарды ұтып, 2005 жылдары,  ресейлік ойын-сауық ТВ арналары жұмысқа шақырған. Бірақ, медиа саласында жүрген тұлға елге қайтып қазақ контентін дамытуды қолға алған.

ХХІ ғасырдың басында Қоянбаевтың бастауымен түсірілген “Шатақхана”, “Қызық радио” жобалары рейтінгі ең жоғарғы ТВ бағдарламаларының біріне айналғанын еске салайық.

Нұрлан Қоянбаев өз жазбасында қанша қиналса да комедияны тастамай, тіпті 6000 теңгеге жұмыс істегенін де жасырмады.

“Ол кезде комедия жанры ешкімге керек емес және дұрыс бағаланбайтын еді! Сценарист ретінде 6000 теңге аламын,тіпті “сіздерге эфир де болады” деп ақша да төлемеген кездер де болды. 20 жыл өтті!  Комедия саласын трендке айналдырдық! Кинотеатрда қазақ комедеясының дәуірі басталды! Қаншама билетке жаратылатын қаражат бұрынғыдай Голливудқа емес,елде калып жатыр(кем дегенде 30-40 млн доллар)! Қазір елімізде 100 комедия түсіріліп жатыр! 1 киноға 300 мың доллар кетсе,орта есеппен 100 комедия бюджеті 30 млн долларлық киноиндустрияға айналды”,- делінген Қоянбаев жазбасында.

Танымал тұлға әріптестеріне:

“Барлықтарыңыз комедия түсіре бермей,тарихи драмалар,мотивациялық кино түсіріңіздер!”,-деп өз ойын түйіндеді.

Пікірлер