Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қарсы тергеу басталды

1693
Adyrna.kz Telegram
Фото: Sputnik / Болат Шайхинов
Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Бас прокуратура ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қарсы тергеуді бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

"Бас прокуратураның арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты "қаңтар оқиғалары" кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде", - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Тергеу құпия құжаттаманың едәуір көлемін зерттеумен байланысты деп хабарлайды.

ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды.

"Сонымен қатар, қадағалау ведомствосы Конституция нормаларына сәйкес заң мен сот алдында барлығы тең екенін атап өтті. Тергеу қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады БП.

Еске сала кетейік, кеше Алматыда өтіп жатқан Қаңтар оқиғасына қатысты сотта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Руслан Ысқақов шулы мәлімдеме жасаған еді. Іс бойынша негізгі айыпталушылар Ысқақовтан бөлек, криминалдың жетекшісі, жабайы Арман лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев пен қалалық мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген болған. 

Сотталушының айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған Самат Әбіштің бұйрығын орындаған. Руслан Ысқақов ҰҚК 5-ші департаментінің бастығы болған. 

Ақпарат көздерінде Самат Әбіштің Қазақстанда, "мырзақамақта" отырғандығы айтылады.

Естеріңізде болса, бір ай бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш Қазақстанда екендігі мәлім болған. 

2022 жылдың 17 қаңтарында Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.

 

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер